Қатыгездік қазаққа жат

292

0

Қоғамдағы түрлі жағдайға халық өз көзқарасын білдіруге құқылы. Бұл үшін мемлекет тарапынан бейбіт шеру заңдылықтары бекітілген. Жаңаөзендіктер осы тәртіппен елдегі газдың, жанар-жағармайдың негізсіз қымбаттауына байланысты өз талаптарымен шеру өткізді. Жер-жерде шерушілерді қолдаған акциялар ұйымдастырылды.

Осыған орай Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл шешімдер қабылдады. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, нарықтық бағаның заңсыз қымбаттауына жол берген тұлғалар анықталып, шара көрілді. Нәтижесінде газ бағасы реттелді, біздің облысымызда ол бұрынғы нарқынан екі есеге арзандады.

Алайда, еліміздегі бейбіт шеру жағдайын пайдалана білген арандатушылар мен белгісіз күштің әрекеттері шектен шықты. Олардың жосықсыз ісінен қарапайым халық зардап шегіп, ауыр шығындарға ұшырады. Адам құрбандығы орын алды. Бұзып-жару қоғамның жақсаруын ғана ойлайтын қарапайым халық өкілінің ісі емес. Ол – еліміздің ынтымағына, бірлік-берекесіне іріткі салушы арам пиғылдылардың әрекеті.

Осы бүгінгі күні тыныштық қалыпты жағдайға түсті, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстыларды құрықтау қолға алынды. Дегенмен, қала көшелеріндегі бүлінген, қираған мүліктерді көргенде жан жылайды. Қоғамдық мүлікті бүлдіру, қирату – ең ауыр қылмыстың бірі. Бұл әрекеттерді Президенттің өзі «террорлық» деп атады. Лаңкестер және бұзақылыққа қатысы бар адамдар міндетті түрде заң тұрғысында өз жазасын алады.

Қазақ – таршылықты да, қиыншылықты да көрген ел. Ақсақалдарын тыңдаған, адамдықтан аттамаған. Кешегі келеңсіздіктер, орынды талаппен ортаға шыққан халықты орға итерген қатыгездік «әр қазақ – менің жалғызым» деп елдіктің есігінен есерлікті сығалатпаған ақылман жұртқа жат.

Ендігі жерде күнделікті мәселеден гөрі елдік тұрғыдағы биік мақсаттарды аласартып алмауды ойлауымыз қажет. Егер біз тұтастығымызға сызат түсірер болсақ, оны қалпына келтіруге тар жол, тайғақ кешуден өтуге тура келеді. Мұның зардабы ғасырлар бойы аңсап жеткен тәуелсіздігімізге қауіп төндірмесіне кім кепіл?! Бұл бүгінгі біз үшін ата-баба рухының алдында да, келешек ұрпақ алдында да кешірілмес күнә деуден артық не айтуға болады?!

Халық қақтығыссыз өмір сүруді қалайды. Біз – көп жасаған, көпті көрген аға буынбыз. «Күн жаманы кетер» дейді аталарымыз. Осы күнімізге жету үшін қанша соқпақтардан өттік, сор кештік. Соны ұмытпасақ екен.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<