Қажетті тетіктер іске қосылды

638

0

Жексенбіде өткен референдумның нәтижесінде саяси жаңғыруды көздеген реформаларды халық растады және нығайта түсті. Бір ай көлемінде ел азаматтары негізгі конституциялық мәселелер туралы мұқият ойланды. Нәтижесінде халық осы Конституциялық реформаның үш мақсатын түсінді деп ойлаймыз.

Біріншіден, нақты Конституциялық реформаның жүруі. Мұндағы мақсатқа Конституцияның кейбір нақты аспектілерін реформалау жататынын ұғынды. Халық таңдауына нақты тармақтар бойынша Конституциялық тетіктерді қайта қарау ұсынылды. Екіншіден, халық Конституциялық реформаның жүзеге асуына саяси тұрғыдан қатыса алды. Қоғамдық пікір алаңдарында ойларын білдіре алды, сарапшылар көзқарастарын тыңдады. Осы аралықта халық арасында жалпы Конституциялық бақылау жүрді десек те болады. Үшіншіден, халық Жаңа Конституциялық жобаның «дизайнын» жасауға араласты. Ең бастысы, ел азаматтары Жаңа Конституциялық жүйені құру рәсімдерін белгіледі.

Ел Конституциясына енгізілген жаңа түзетулер кейбір аспектілерде президенттік биліктің ықпалын азайтады. Мәселен, Сенаттағы президенттік квота он депутатқа дейін азайды. Президент Сенатпен келіспей Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банк Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметіне тағайындай алмайды. Сонымен қатар, Президент туыстарының үлкен саясатқа араласу жолы кесілді.

Бұрын жер және оның қойнауы су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болса, қазір халыққа тиесілі. Бұрын мемлекет меншігіндегі дүние кімге тиесілі, кімдер пайдаланып жатыр дегенді түсінбесек, қазір ол халықтың меншігіне айналуда. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде экономикалық өсім байқалды, бірақ бұл өсімнен тек элита ғана пайда көрді. Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының астарында халық қолдаған қуатты парламенті бар президенттік республикаға айналдыратын реформалар жатыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталатынын баршамыз білеміз. Конституцияны талқылау процесіне кімдер қатысуы керек деген сұраққа демократиялық жауап – жаңа немесе қайта қаралған конституциялық тәртіпке сәйкес өмір сүретін халық болуы керек. Сондықтан осы референдумнан кейін мемлекет дамуына қажетті тетіктер іске қосылып, Жаңа Қазақстан механизмі жүзеге асырыла бастады деуімізге толық негіз бар.

Мұрат НАСИМОВ,

 саяси ғылымдар кандидаты,

қауымдастырылған профессор, «Болашақ»

ғылыми-зерттеу институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<