Қоғам сұранысына сай қадамдар

617

0

Президент әр Жолдауында еңбек етіп жатқан тұрғындарды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау саясатын жалғастырып келеді. Оның ішінде білім саласы бойынша іске асырылып жатқан жаңа бастамалар – еліміздің алдағы ондаған жылдағы саналы да білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші деп білемін.

Мемлекет басшысы осы Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Бұл құжат ең алдымен, қоғамның сұранысына негізделеді.

Парламентті  қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта жасақтау, мәслихаттардың рөлін күшейту, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету және партияның мүмкіндігін кеңейту, сайлау жүйесін, тағы басқа басым бағыттарды пәрменді түрде жетілдіру мәселесін алға тартты. Бұл орайда Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға өзгеріс енгізу қажеттігі айтылды.

Өңірлердегі қоғамдық кеңес өкілдерінің, партия басшыларының, Парламент депутаттарының, Азаматтық Альянс басшылығының, жұртшылық өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен жаңа «Ұлттық құрылтай» институтын құру идеясы да сәт сайын құбылған қазіргі қоғамда қажетті шешімінің бірі екені айқын.

Жолдауда халыққа ерекше ұнаған, жағымды жаңалық –  Семей аймағында Абай облысының, Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысының құрылуы, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығына айналып, Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы ұсынылды.   Осы ретте Президент тарапынан қолдау тапқан тағы бір маңызды шешім – Қапшағай қаласына еліміздің біртуар азаматы Д.Қонаевтың есімін беру мәселесі.

Семей облысы 1854 жылы облыс, кейіннен губерния болып құрылған, 1939 жылы Семей уезі негізінде қайтадан Семей облысы бой көтерді. Облыс аумағы өз кезеңінде әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мықты аймақтың бірі болды. Ал 1997 жылы Семей облысы таратылған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен облыс орталығы қайта ашылып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімімен аталуы – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше айтулы оқиға десек, артық айтқандық емес.

Ұлытау аймағы қазақ даласы тұтастығының алтын діңгегі саналады. Тарихы тым тереңде жатыр. Ал Ұлытаудың облыс орталығы болып құрылуы – елдік мұратымыздың ақталғаны, сол секілді, бірлік пен береке бастауының бір көрінісі. Мемлекет тарихында саяси қайраткерлігімен ел есінде қалған Д.Қонаевтың есіміне лайықты құрмет көрсету де – ұлттық қасиетімізге тән ұлағатты шешім.

Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет.

Дархан Мырзамұратұлы,

Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<