Қоғамды түбегейлі жаңғырту реформасы

713

0

Президент Жолдауының елдің болашақ дамуы үшін мәні мен маңызы айрықша болды. «Қаңтар оқиғасы» билікті де, қоғамдық институтты да оятты. Әлеуметтік-саяси-мәдени процестер жарылыс образының ықпалындағы ұғым ретінде емес, дәлме-дәл айтқанда бір ұшқынның жарылысы түрінде болды. Бұл жарылысты түсінбегендер, арандатушыларға ергендер қазіргі адам баласы үшін ең керегі қирату идеясы мен бүлінуден белгі қалдыру деп санады.

Конфликттер – кез келген қоғам үшін қалыпты жағдай. Себебі наразылық ешқашан күтпеген жерден пайда болмайды. Әрқашан оның бастапқы индикаторлары мен көрсеткіштері болады. Ғалымдардың зерттеулері бойынша көпшіліктің наразылығын тудыратын бағаның өсуі, инфляция, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік-экономикалық сипаттағы өткір мәселелер болғанын дәлелдеді. Мұның барлығы қақтығыстардың терең себептерін елемеуден туындады.

Азаматтар қашанда өздеріндегі мәселелерді айтқысы келеді. Бірақ өңірлерде олардың пікіріне ешкім мән бермейді. Әлеуметтік желі арқылы да әкімдердің көпшілігінде халықпен байланыста нақтылық болмады. Кері байланыс жоқ. Егер жергілікті билік өкілдеріне сенім жоғары болса, олар өзіндік беделімен де наразылықты туындатпас еді. Сондықтан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» Жарлығы шықты. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» делінген.

Бұл Жарлық әкімдердің наразы топпен тікелей кездесіп, билік пен қоғам арасындағы диалогтың тиімділігін арттырып, көптеген дау-жанжалдың алдын алуына көмектеседі. Бұл халықтың талап-тілегі мен әлеуметтік сұранысының артқанын, мемлекеттің ішкі және сыртқы тепе-теңдігіне шұғыл назар аудару қажеттігін аңғартады. Осындай сындарлы уақытта жолданған Президент Жолдауы көптің көкейінде жүрген көптеген мәселелерге жауап берді деп ойлаймын. Бұл өзгерістер қаласаң да, қаламасаң да қажет еді. Жолдау осыған бағытталуымен назар аудартты. Мемлекеттігімізге қауіп төнген қаңтар оқиғасының сабақтарын талдай келе, бұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасау қажеттігіне, Қазақстанды түбегейлі жаңғырту ісін жаңа қарқынмен жалғастырудың маңызына тоқталды.

Президент жуық арада жүзеге асырылатын жаңа бағдарламасымен таныстырып, енді саяси, экономикалық монополияға жол берілмейтінін айтып, көптеген реформаларды ұсынды. Президент партия мүшесі болмайды. Осы ұстаным Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық Кеңестің, Есеп комитетінің мүшелеріне де қатысты болады. Палатаның құзыретін кеңейтудің нақты қадамы – өкілді билік тармақтарын қайта құруда заңдарды тек Мәжілістің қабылдауы, республикалық бюджетті бақылауын күшейтуі. Облыстық мәслихаттардың, республикалық бағыныстағы қалалық мәслихаттардың төрағасы лауазымын енгізу мәслихаттарға бекіту үшін Президент тарапынан облыс әкімінің баламалы кандидатураларын ұсынуы бұл – шын мәнінде қажетті өзгерістер.

Мәжіліс депутаттарының 70% пропорционалды жүйе, 30% мажоритарлы жүйе арқылы сайлауға көшу, партияларды тіркеуді жеңілдету жаңа саяси мәдениетті дамытуға бағытталып отыр. Бұл қадамдардың барлық партиялардың қызметін дамытатыны сөзсіз. Көпшілік мұраты қызық кешу философиясына құрылған, бұқаралық мәдениет құбылысы да бар ішкі мәнімен көрінбей, тысымен жұрт көзіне түсті. Бұған қосылған жаһандану үдерістері алып келген тұтынушылық психологиясы мен дарашылдық, өзімшілдік философиясы қазіргі замандастарымыздың санасына енуде. Міне, сондықтан бұрынғы кісілікті, ізгілікті, құтты, төзімділікті бәрінен жоғары қоятын халықтың санасы өзгерістерге, яғни трансформацияға ұшырауда. Бұл кез келген әлеуметтік процестерді, соның ішінде саяси процестерді коммуникативтік кеңістікте бұрмалауға әкеледі.

Бұл тұрғыда еліміздің идеологиялық, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде баспасөз ақпарат құралдарының қабілетін арттырудың маңызы зор. Мемлекет пен қоғамның сындарлы әріптестігін дамытудағы азаматтық қоғамның рөлін күшейту де басты назарда болмақ. Себебі, тәуелсіз баспасөз ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам бұл реформаларды жеделдетуге ықпал етеді. Ұлттық Құрылтай құру тәжірибесі Ұлы Дала демократиясының жалғасы ретінде, билік пен халық арасындағы алтын көпір болатынына сенімдіміз.

Ауқымды саяси реформалар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге де қатысты болды. Соның ішінде ел қуанған бастама – елімізде жаңа облыстардың құрылуы. Абай облысының орталығы Семей, Ұлытау облысы орталығы Жезқазған, Жетісу облысының орталығы Талдықорған, Алматы облысы орталығы Қапшағай қаласы болады. Бұл шынымен тарихи бастама, елдің көптен бергі тілегі еді. Әлемде жер көлемінен 9-орын алатын кең- байтақ еліміздің территориялық кеңістігін ұстап тұруға, ондағы азаматтардың миграциясына және инфрақұрылымдарына, әлеуметтік ахуалына төнген қауіптердің алдын алуға жасалған өте маңызды стратегиялық қадам десек болады. Жаңа облыстардың ашылуы әсіресе Семей, Жезқазғандағы тұрғындардың үдере көшпеуіне, инфрақұрылымдары мен әлеуметтік ахуалына, ондағы территориялық аймақтық тұтастықты сақтап қалуға әсерін тигізеді. Сонымен қатар Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының құрылуы және т.б. қойылған міндеттер халықтың тыныс-тіршілігінің кеңейіп, жұмыс орындарының көбейіп, әл-ауқатының артуына зор мүмкіндіктер туғызады деп білемін.

Жаңа облыстарға қазақтың әлемдік деңгейдегі кемеңгері Абай Құнанбайұлының, көшпелі мәдениеттің, дала өркениетінің эпицентрі болып саналатын тарихи орталық Ұлытау атының берілуі бұл да – тарихқа құрмет. Қазіргі кезде бүкіл әлем күрт өзгерістер мен жаңа ізгілікті бағдарлар таңдау жағдайында тұр. Қазақстан да қазіргі уақытта өзінің өркениеттік болашағын анықтау жолында. Осындай жағдайлар қисынында Президент Жолдауы көптеген күрделі мәселелерге тиісті деңгейде жауап берді.

Өзіндік даму бағытын іздеу, жаңғырту үдерісін ұйымдастыру бойынша тұжырымдамалық шешімдер әзірлеуде Қазақстанның одақтастық міндеттемелері экономикалық мүдделерге келгенде едәуір қиындайды. Қазіргі таңда барлық саланы жүйелі жаңғыртып, әділ де ашық бәсеке арқылы елді демократияландыруға ықпал етіп, мемлекеттің тұрақтылығын бекемдеуге бағыттауымыз керек. Бұл тұрғыда, әзірленген реформалар тәуекелдердің алдын алады, нақты іске асырылған кезде мемлекеттің тұрақты дамуына әсерін тигізеді деп сенеміз.

Жарқынбек ӘБІКЕНОВ,

PhD, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер кафедрасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<