Қаңтар оқиғасы еліміздің ертеңі үшін жұдырықтай жұмылу қажет екеніне тағы бір рет көз жеткізді. Жасыратыны жоқ, қаралы да қасіретті күндерді бастан өткізген ел азаматтарының ойы сан-саққа жүгірді. Көп көкейіндегі осы сауалға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында берген сұхбатында нақпа-нақ жауап берілді деп ойлаймын.
Сұхбат барысында «Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткіздік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз» деп баяндаған Мемлекет басшысы ел-халықтың қамын ойлау басты мақсат екенін айтты. Болған жағдайға өзінің нақты бағасын беріп, елімізде әділетті қоғам орнату, экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдету бағытында түбірлі реформалар жасалатынын жеткізді.
Сөз орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатындағы көп көкейін дөп басқан бірлі-жарым толғақты мәселелерге тоқталайын.
Президент сұхбатында: «Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Елдігімізге, мемлекетіміздің тұрақтылығына, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды деді. Шынында да, лаңкестер елге бұрын-соңды болмаған қауіп туғызды. Демек, Мемлекет басшысы айтқандай, оларды аяусыз жазалау керек. Осы орайда айтатыным, бейбіт шеруге шыққан жазықсыз жандар жапа шекпеуі тиіс. Құқық қорғаушыларға әр істі заңдылық тұрғысынан қарап, ақиқат жолынан жаза баспауды қатаң ескертті. Осы мәселеге байланысты адам құқын қорғайтын қоғамдық комиссиялардың құрылуы да өте дұрыс шешім болды.
Өздеріңізге мәлім, Президент бастамасымен Жаңа Қазақстан құруға, саяси реформаларға бетбұрыс жасалуда. Өте күрделі әрі аса маңызды кадр мәселесіне баса көңіл бөлмек. Осыған байланысты Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Осы резервке өткен жас азаматтардың біртіндеп жауапты қызметке тағайындалуын біз, ардагерлер қауымы құба-құп дейміз.
Президенттің ана тіліміз, ақпарат саласы жайлы айтқаны, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны Отанымызға қайтару жөнінде Үкіметке тапсырыс беруі де құптарлық. Ұстанымы жайлы айтқаны да көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға жауап болды.
Мемлекет басшысы өз сұхбатында біз үшін жалғыз ғана Отан бар екенін, ол – Қазақстан екенін баса айтты. Демек, еліміздің ертеңі өз қолымызда. Сондықтан да ел бірлігін сақтау, Отанын қорғау біз үшін басты парыз екенін естен шығармауымыз керек.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<