Құптарлық шешім

361

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында бірқатар салаға қатысты негізгі мәселелерді атады. Соның ішінде мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты жүргізу керектігін айтты.

– Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашылық зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ, «Қазақстанның Халық артисі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл – өте құптарлық шешім. Елге еңбегі сіңген, халықтың жоғары бағасына қол жеткізген өнер адамдары бұл атаққа әбден лайық. Өнердің бағаланғаны дұрыс. Ол – мемлекеттің маңдайындағы алтын тәжі.

«Қазақстанның халық артисі» –  музыка және хореография, театр мен кино, эстрада және цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан өнер иелеріне берілетін ең жоғары атақ. 1999 жылдың шілде айынан бұл атақты беру тоқтатылған болатын. Енді Жаңа Қазақстанды құру жолында ел Президенті мәдениет майталмандарының жоғары атаққа ие болуына жағдай жасағалы отыр. Барлық әріптестерімді осы қуанышпен құттықтаймын.

Биыл 25 қазан – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады. Өнер адамдарының еңбегі бағаланып, осы атаққа қол жеткізсе деймін. Әр адам өз саласында адал еңбек етіп, қоғам дамуына үлес қосса, еліміздің ертеңі еңселі болмақ.

Бақытбек АЛПЫСБАЕВ,

ҚР Еңбек сіңірген артисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<