Қуатты инфрақұрылым – экономиканың тірегі

519

0

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда сырбойылық сайлаушылардың басым дауысына ие болып, депутаттық қызметімді бастадым. Жаңадан жасақталған Мәжілістегі әріптестеріммен бірге мандатымызды алып, еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға ант бердік.

Кеше өткен VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік белсенділікті ынталандыру, еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау міндетін қойды. Оған қоса азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру, адам капиталының сапасын барынша арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау мәселелерін ерекше атап айтты. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру де алдағы жұмысымыздың басым бағыты болмақ.

Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс болғанын, бірақ  нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтты. Қолдаудың кешенді шаралары өз ісіне жауапкершілігі зор кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастырады. Президент айтқандай кәсібін табысты жүргізетін бизнесмендер аймақтарда бар. Оларға нақты көмек көрсету маңызды.

Президент өз сөзінде барлық өңірге тән қиындықтарды – тозығы жеткен энергетика инфрақұрылымын,  коммуналдық желілердегі апаттарды, жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі қажеттіліктердің  тапшылығын атап өтті. Дайындалып жатқан электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі осы салаға қосымша инвестиция тартуға негіз болмақ. Мәжілістегі электр энергетикасына қатысты үш заң жобасын шұғыл түрде қарау және қабылдау арқылы еліміздің инфрақұрылымдық қуатын арттыруға үлес қосамыз деп ойлаймын.

Президент ұсынған Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданса, онда осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіліп, оны шешу жолдары ұсынылса, көп түйткіл тарқатылар еді. 

Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар су мәселесіне арнайы тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын судың құмға сіңіп, ысырап болып жатқанын, сондықтан жаңа тариф саясатына көшуді ұсынды.  Әзірленіп жатқан Су кодексінің жаңа жобасы ресурстарымызды тиімді басқаруға және оларды қорғауға мүмкіндік береді. 

Президент барлық істің бел ортасында болу, ел мүддесін бәрінен жоғары қою, мәслихаттармен бірлесе жұмыс істеу мемлекет саясатын барынша үйлесімді ететінін айтты. Енді шын мәнінде ықпалды Парламентке айналу жолындағы бағыт-бағдарымыз айқын.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<