Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қызылорда облысы жыл қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім көрсеткен өңірлер қатарында аталды.
2024 жылғы көрсеткіш бойынша аймақта әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы қалыптасты. Оның ішінде шикізатқа тәуелділіктен арылудың бір жолы ретінде экономиканы әртараптандыруға көңіл бөлініп келеді. Әртараптандыру бір немесе бірнеше салаға тәуелділікті төмендетіп, экономиканың басқа секторларын дамытуға мүмкіндік береді. Табиғи ресурстарға бай мемлекеттерде мұнай немесе минерал сияқты шикізатқа тәуелділік экономикаға зардабын тигізуі мүмкін. Экономика саласын әртараптандыру бағытындағы кешенді шаралар осы тәуелділікті төмендету мақсатында қолға алынған.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экономиканы әртараптандыру мақсатында былтыр 37 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске қосылғанын атап өтті. Биыл 280 млрд теңгеге 33 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеге жуық 87 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның аясында 8300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында облыста 800 млрд теңгенің қуаттылығы 1100 мегават бу-газ қондырғысы жобасы қолға алынады. Ол үшін жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде.
– Биыл «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту мақсатында құны 215 млрд теңгені құрайтын жаңа кен байыту комбинатының, 147 млрд теңге тұратын, жылына 300 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылыстары басталады. 62 млрд теңгеге қуаттылығы 201 мегаватты құрайтын 5 күн және 1 жел электр станциясы іске қосылады, – деді облыс әкімі.
Экономиканы қарқынды дамыту үшін Үкімет тек мемлекет қаржысына сеніп отыра бермеуі керек. Инвестиция тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Осы орайда Қызылорда әріптестік пен инвестициялар тартуға өте қолайлы, қарқынды даму сатысындағы өңір екенін айтуға тиіспіз.
Президент алқалы жиында Үкіметке инвестиция саласындағы жұмысты одан әрі күшейтуді тапсырып, әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қалуымыз мүмкін екенін жеткізді.
Қамар БЕКЕТОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<