Қызылорда таңғалдырумен келеді

7

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тағдыршешті құрылтай Қызылорда жерінде өтті. Бір ғасыр бұрынғы бесінші съезд туралы тарихтан оқып білдік. Ақмешіттің төріндегі жиында Алаштың ұлы тұлғалары елдің іргесін бекіткен, тәуелсіздікке ұмтылған арман-аңсарын, идеяларын қанаттандырған құжаттарды қабылдады.

Қызылордада өткен алқалы жиын құрылтай мүшесі, Мәжіліс депутаты ғана емес, қазақтың отаншыл, мемлекетшіл азаматы ретінде мені ерекше тебірентті. Бұл жолғы құрылтай Қызылордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтардың ғана емес, ел-халықтың үмітіне қанат бітірді.

Секциялық отырыстар өтті, соның арасынан бос уақыт тауып, Қызылордада соңғы уақытта салынған әлеуметтік нысандарды, жұртшылық игілігіне айналған инфрақұрылымдық жобаларды көріп шықтық. Бұл қалаға бірінші келуім емес, бірақ кейінгі жылдардағы Қызылорданың түлегені ерекше қуантады.  Жол құрылысы, газдандыру, ауызсу, ыстық су, әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан, халықтың әл-ауқаты жақсарған. Бұл – облыс тізгінін қолына ұстаған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың еңбегі. Мұны Мемлекет басшысының өзі атап өтті. 

Әрине, Президенттен асырып баға бере алмаспыз, дегенмен өзіміз көзбен көрген игіліктерді жақсы қабылдадым және оны басқа өңірлерге де үлгі етіп айтып жүремін.

Қызылорда облысының аудан орталықтарының барлығы шойын жолдың және үлкен жолдың бойында орналасқан. Халықтың сол жерде тіршілігін жасауына жол, газ жүргізілген, мәдениет, спорт, медицина нысандары салынған, әлеуметтік саланың мәселелері жолға қойылған.

Қызылорда таңғалдырумен келеді
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қалаға келіп түскен азаматтарды соңғы үлгідегі заманауи әуежай қарсы алады. Бұл – еліміздегі ең үлкен терминалдардың бірі, аймақ басшысының жүзеге асырған инвестициялық жобасы. Оның игілігін халық көріп отыр.

Қызылорда таңғалдырумен келеді
Фото: Облыс әкімдігі

Әуежайға табанымыз тигеннен өңірдің тыныс-тіршілігін, Ұлттық құрылтайға дайындықты сезіндік. Ұйымдастыруға бүкіл басқармалар, департаменттердің, «Аманат» партиясының азаматтары жұмылған. Жолға шығардың алдында атақты жырау Алмас Алматов ағамыздың үйінде қонақта болдық. Жыраудың шәкірттерінің ғажайып жырларын тыңдадық, ағамыздың жеті жастағы немересі құманы мен орамалын ыңғайлап, қолымызға су құйды. Қысқасын айтқанда, облыстың басшысынан бастап, жеті жастағы балаға дейін қызмет жасады. Бұл дегеніңіз елдің бірлігін, тұтастығын, көші дұрыстығын білдіреді.

Қызылорда таңғалдырумен келеді
Фото: Облыс әкімдігі

Қызылорда Қазақ елін өнер, мәдениет бағытында ғана емес, осындай ерекшеліктері арқылы таңғалдырумен келеді. Бұған дейінгі төрт құрылтайдың салмағы өз алдына бөлек, әрқайсына өзіндік баға берілді. Түйінді Мемлекет басшысы Қызылорда құрылтайында жасады.

Сыр жұртшылығы жергілікті атқарушы билігі, мәслихат депутаттары, елдің ақсақалдары, әсіресе, кәсіпкерлері жиылып, облыс басшысының жанынан табылды, қонақтарға өте жоғары деңгейде қызмет көрсетті. Мұны Қазақ елінің қай түпкіріне барсақ та, үлгі етіп айтып жүреміз.

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты