Руслан Рүстемов Қызылорда облысының даму қарқынын жоғары бағалады

6

0

Фото: Үкімет

Сенат депутаты Руслан Рүстемов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қызылорда облысының даму қарқынына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Қызылорда облысы елімізбен бірге жаңғыру мен жаңару кезеңінен өтіп келеді. Мемлекет басшысының сеніміне ие болып, өңір халқының аманатын арқалаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев бүгінгі күннің өзекті міндеттерін терең түсініп, өңірдің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өмірін жаңа белеске көтеру жолында бар күш-жігерін жұмсап жүр.

Депутаттың сөзінше, әріптестерімен бірге ауылдар мен аудандарды аралап, халықпен етене жақын тілдесу барысында қарқын алған іргелі жобалардың нақты нәтижесіне көз жеткізуде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Сыр өңірінде атқарылып жатқан игілікті істерді арнайы атап өтіп, облыс әкімінің қызметіне жоғары баға бергені елге белгілі.

Бұл — облыс жұртшылығын ортақ мақсаттарға жұмылдырып, Сыр өңірі тарихындағы маңызды белестерді елмен бірге еңсерген Нұрлыбек Машбекұлының ерен еңбегіне берілген әділ баға.

Осы орайда Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы озық жұмыс үлгілерін насихаттап, оны үздік тәжірибе ретінде республиканың өзге өңірлеріне тарату жұмыстарын Үкімет деңгейінде жүргізу құптарлық қадам екені атап өтілді.

Шындығында да, еңбек ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпеген жерлестеріміздің бірлігімен келген бұл жетістіктерді — аймақ бюджеті әлеуетінің еселеп артуын, облыс экономикасына инвестиция көлемінің ұлғаюын, құрылыс қарқынының өсуін, аграрлық саладағы оң динамиканы — өңір тұрғындары Президенттің Сыр өңіріне көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының айқын көрінісі деп қабылдайды.