Саяси да, тарихи да мәні зор

726

0

Қазақ елі үшін, қазақ қоғамы үшін бұл сайлаудың  саяси да, тарихи да маңызы зор. Ішкі, сыртқы күштердің алақұйын арбауы мен арандатуларына қарамастан,  еліміздің  барлық облыстарының халқы осы Президент сайлауында белсенділік танытты.

Сыр өңірінің қалың жұрты осы сайлауда тартынып қалмады. Бүгінгідей  экономикалық күйзеліс пен  геосаяси шиеленістердің өршіп тұрған уақытында халықтың саяси сауаты мен көзқарақтылығы артқанын байқауға болады. Еліміздің саяси реформасындағы динамика мен өзгерістер Қазақ елінің де  әлемдік үдерістегі орнын айқындамақ.  

Халықтың ұрпақ болашағы үшін қамы,  ел мен жер үшін жауапкершілігі, әлемдік дағдарыс алдындағы қауқарсыз шарасыздығы Мемлекет басшысын таңдауда басты роль атқарғаны анық. Президент сайлауына түскен үміткерлерді көп жұрт лайықсыз деп танып, Орталық Сайлау комиссиясына кінә артқаны да орынды. Ал неге осы сайлауға лайықтылар түспеді деген сауалдың да қалың көпшілік арасында талқыға түскені орынды құбылыс. 

Бұл туралы ойымды желідегі парақшамда жазған болатынмын. Өйткені қазіргідей әлемдік  аренада саяси ойындар бірі орғып,  бірі осылып, бірі орнығып, бір күштер күйреп, тағы бір күштер пәрмен алып жатқанда, 30 жыл өтірік статистикамен «өсіп», жемқорлықтың отанына айналған, әділеттіліктің туын тәрк етіп, билік басында  сатқындық орын алған мемлекетті басқару – кез келгеннің  еңсерер жүгі емес. Бұл ауыр алап, зіл батпан жүкті ары таза, қолы таза, әлем елдерінің алдында беделі бар, білікті, белгілі,  пассионар тұлға ғана көтере алатынын Қазақстандағы  билікке бұған дейін ұмтылған базбіреулер де, сондай қабілетке ие лайықты  кісілер де түсінді.   Сол себепті халық өз таңдауын жасады.

Ел ішіндегі дамыған саяси кризис – елімізде саяси реформалардың көзбояу болғанының көрінісі. Қазақстанның ендігі қадамында бояушыға да, бояуға да жол бермеу керек екенін халық түсініп отыр. Сайлаудан  кейінгі Мемлекет басшысына артар сенім  де, қояр талабы да зор.  Жаңа Қазақстанның жаңа бағыты, жаңа бағдары, жаңа қадамдары – Қазақ елін демократиялық дамудың  жолына түсіріп, ұлттық мемлекеттілігіміздің негізі қаланады деп сенгіміз келеді.

Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА,

сарапшы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<