Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі салық саясатына тікелей байланысты екендігін атап өтті. Осы орайда 2023 жылы жаңа Салық кодексін халыққа түсінікті, қолдануға ыңғайлы әрі жеңіл болатындай етіп әзірлеуге арнайы тапсырма берді.
Тәуелсіз еліміздің салық заңнамасы тарихына көз жүгіртсек, 1990 жылы кеңес одағы ыдырап, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін ел Президенті «Кәсіпорындардан, бірлестіктерден және ұйымдардан алынатын салықтар туралы» Жарлыққа қол қойды.
1995 жылы Мемлекет басшысы еліміздің салық жүйесін реттейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.
2002 жылы еліміздің бірінші «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс қабылданды.
2008 жылдың 10 желтоқсанында ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» өзгертілген кодекс қабылданды. Бұл Кодекс 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді және онда салық мөлшерлемесiн төмендету және салықтық әкiмшiлендірудің оңайлатылған рәсiмдерi көзделдi.
2017 жылы республикамызға жаңа Салық кодексi қажеттiгi туындады, нәтижесінде бизнес қауымдастығымен бірге жаңа Салық кодексі қабылданды.
Бүгінгі күнге Қызылорда облысында 12 244 заңды тұлға және 54 170 дара кәсіпкер, 133 жеке нотариус, 169 адвокат, 95 сот орындаушы, 26 кәсіби медиатор тіркелген.
Осы салық төлеушілерден өңіріміздің мемлекеттік бюджетіне 2022 жылдың 8 айында 120,1 млрд теңге кірістер қамтамасыз етілді, ол межеленген жоспардан 10,6 млрд теңгеге жоғары. Соның ішінде республикалық бюджетке түсірілген кірістер көлемі 75,9 млрд теңге, жоспар 107,7% орындалып, артығымен 5,4 млрд теңге қамтамасыз етілді. Ал жергілікті бюджетке 44,1 млрд теңге өндірілді және бұл межеден 5,1 млрд теңгеге артық.
Департамент тарапынан жүргізілген салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жандандыру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 12,3 млрд теңге қосымша резервтер анықталып, өндірілді.
Сонымен бірге Президент Жолдауда жалпы салықтық сауаттылықты арттыру, жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіру мәселесін жаңа бағытта қарастыру, жұмыс барысында салық төлеушімен бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керектігін атап көрсетті.
Өңіріміздің Мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік қызметтің 24 түрін көрсетеді, оның ішінде 18-і салықтық, 6-ы кеден бағытында.
Жыл басынан бері 355 694 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде электронды түрде 354 915 немесе 99,8%, ал қағаз түрінде 779 немесе 0,2% ғана. Қағаз түріндегі қызмет алу өткен 2021 жылмен салыстырғанда 10 есеге азайтылды. Бұл дегеніміз қазіргі уақытта жалпы халықтың салықтық сауаттылығының артқанын көрсетеді.
Сонымен бірге, цифрландыру бағытында бірнеше отандық ІТ өнімдер іске қосылып, кәсіпкерлер мен азаматтар үшін өте қолайлы «e-Salyq Азамат», «e-Salyq Бизнес», «Онлайн-БКМ», «Үш компонентті интеграцияланған жүйе», кедендік «Астана-1» ақпараттық жүйелері нәтижелі жұмыс жасауда.
Салықтық әкімшілендірудің бір түрі салық төлеушінің ақпараттық жүйедегі мәліметтеріне сәйкес, қашықтан мониторинг, яғни камералдық бақылау жүргізу болып саналады. Департаментпен салықтық және кедендік әкімшілендірудегі басты назар салық төлеуші өз міндеттемелерін ерікті түрде орындауға бағытталған.
Осылайша, 2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттік бюджетке камералдық бақылау нәтижесімен салық төлеушілер ерікті түрде 19 млрд теңге қаражаттарын аударды.
Заман талабына сай және дүниежүзілік тәжірибе негізінде «сән-салтанатқа салық» салуды енгізу тапсырмасы берілді. Әрине, мұның орта топқа, жалпы халыққа қатысы жоқ, бұл – тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және ерекше қымбат автокөлік құралдарын сатып алған кезде салынатын салық. Басты мақсат – елімізде төлемнің әділетті жүйесін қалыптастыру.
Жолдауда қамтылған тағы да бір түйткілді мәселе – автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты, заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қоя отырып, заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірмеу мақсатында батыл шаралар қабылдау тапсырылды.
2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу үшін, оларды заңдастыру мақсатында «іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты» автокөліктерге утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алу сияқты ұсыныс білдірілді. Бұл бойынша жақын шетелдерден өңірімізге келген автокөлік санын уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге анықтап, заңдылыққа сәйкес тіркеу рәсімдерін жүргізуге ықпал жасайтын боламыз.
Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты. Бұл бойынша салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу және Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу қажеттілігі тапсырылды. Бұл бірінші кезекте еліміздің сыртқы сауда көлемін ұлғайтады және инвестиция тартуға зор мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы үлкен тарихи құжат болмақ, онда барлық салалар қамтылған және үлкен ауқымды өзгерістерді көздейді. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын толықтай қолдайды және онда айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады деп сенім білдіремін.
Ғалымжан ОРЫНОВ,
облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<