Президент Жолдауын тарихи құжат деп қабылдауға болады. Бұл – сан саланы қамтыған, сараланған, салмақты стратегиялық маңызы бар жоспар. Бүгінгі таңда халықаралық геосаяси шиеленістер мен өз еліміздегі ішкі түйткілдер кез келген адамды қобалжитындай жағдайға түсіреді. Алайда, алдымызда көш бастайтын тұлға тұрғанда біздің ондай күйге түсуімізге хақымыз жоқ. Жолынан таймайтын, нақты жоспары бар адам ғана өз ұстанымынан ауытқымайды. Президент Жолдауынан біз осыны аңғардық.
Бүгінгі Жаңа Қазақстанға сөз емес, нақты іс керек. Қазірден бастап, түрлі салада ауқымды өзгерістер басталып кетті. Бұл – бір емес, бірнеше жылдағы еңбектің жемісті нәтижесі. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – Мемлекет басшысының басты міндеті. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Президент Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Бұл, ең алдымен, қоғам қажеттілігі мен сұранысына сай негізделіп отыр. Сонымен қатар елімізді дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Қазіргі халықаралық ахуал шиеленісіп тұр. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен ынтымағын сақтауда маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымның әрдайым өзекті екендігін алға тартты, яғни, осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болудағы маңыздылығына тоқталды. Бұл өзгерістер өзі айтып өткендей, мемлекеттік басқару жүйесін жеңілдетеді. Әрі облыс орталығына барыс-келісті реттейді. Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау деп аталуында да үлкен мән жатыр. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін берері сөзсіз.
Жолдауда көтерілген әрбір бастама өте ауқымды. Қазіргі халықаралық ахуалдың салқыны елімізді айналып өтпейтіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымауымыз керек. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басуымыз қажет. Алдымызға қойған басты мақсат – Жаңа Қазақстанды Мемлекет басшысымен бірге қалыптастыру. Қазақстанның тәуелсіздігі бәріміз үшін қымбат. Президент сөз соңын «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Қызметімде түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет» деп түйіндеді. Осы жолда Президент жауапкершіліктің бәрін мойнына алуға дайын екенін білдірді. Елдің кемел келешегі үшін батыл қадамдарға бара алатын, сын сағатта халықпен бірге болатын нағыз көреген көшбасшының бейнесін аңғартты. Бұл кеудесінде жалын, жүрегінде оты, көзінде нұры бар кез келген азаматқа патриоттық сезім мен Президентке деген шексіз құрметті туындатты.
Қасиетті Отанымыздың асқақ абыройы бәрімізге ортақ. Олай болса, Мемлекет басшысымен Жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Сындарлы сәтте жауапкершіліктің жүгін бірге көтерейік!
Гауһар МОЛДАБАЕВА,
Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<