Сапалы әрі сындарлы серіктестік

672

0

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жаңа дәуірдің тың бастамаларына арналды. Оның ішінде, әсіресе, азаматтық институттардың жұмысын нығайтуға бағытталды.

Үкіметтік емес ұйым – билік пен халықтың ортасындағы байланыстырушы көпір. Әлеуметтік мәселелерді көтеруде олардың орны ерекше. Президент қазір мемлекет пен ҮЕҰ-ның тығыз ынтымақтастықпен жұмыс жасауының арқасында қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту талап етілетінін атап өтті. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажеттігіне де тоқталды. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керектігін де баса айтты. Бұл мәселе бойынша көзбояушылық жасауға болмайтынын да жасырмады. «Біз  елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның  саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты  сын айтқан болатынмын. Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек»,  – деді Мемлекет басшысы. 

Облыс көлемінде айтар болсақ, тіркелген ҰЕҰ-лардың қазіргі таңда барлығы бірдей жұмыс жасамайды. Сандық көрсеткіш көп болғанымен, шын мәнінде жұмыс жасап жатқандары аз. ҮЕҰ өкілдеріне  кереғар көзқарас та жоқ емес. Өйткені көпшілік арасында қоғамдық ұйымдар тек Үкіметтен ақша алу үшін тіркеліп, сапаға емес, санға жұмыс істейді деген пікірлер де бар. Рас, көп ұйымдар бір жобаны алып, оның жүзеге асуына салғырттық танытады. Шын мәнінде қоғамның мәселесін шешуге бағытталмайды. Осы тұрғыда қоғамдық ұйым өкілдеріне деген сенімнің екіжақты болуы да заңдылық. Сондықтан барша әріптестерді белсенді жұмыс жасауға шақырамын.

Сағатбек ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ,

облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<