Сапалы жаңғырудың берік негізі

544

0

Ата Заңымыз уақыт сынынан өтті. Қолданыстағы Конституция қабылданғаннан бері бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әр өзгерістердің өзіндік ерекшеліктері бар.

Дегенмен, нақты Конституциялық реформа халық қолдауымен осы жылдың 5 маусымындағы республикалық референдумда жүзеге асқаны белгілі. Осы референдумда саяси жаңғыруды көздеген реформаларды халық растады және нығайта түсті. Қоғам мен мемлекеттің сапалы жаңғыруы берік Конституциялық негізде, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы негізінде жүзеге асырылады.

Біріншіден, ел Конституциясының негізгі құндылықтары: адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, біртұтас мемлекет, әлеуметтік мемлекет, басқару органдарын ұйымдастыру қоғамда сұранысқа ие болды. Конституция жеке адамның бостандығын жоғары бағалайды. Жаңа Конституцияда белгіленген қоғамдық-саяси құндылықтар жүйесі өзінің өзектілігін көрсетті. Қоғамда бар мәселелерге қарамастан, елдегі саяси тұрақтылықты айтуымызға болады.

Екіншіден, Жаңа Конституция біздің өміріміздің негізгі ережелері мен нормаларын айқындап қана қоймайды. Ата Заңымыз еліміздің одан әрі даму стратегиясын анықтайтын негізгі құжат болып қала береді. Түзетулер енгізу туралы барлық шешімдер уақыт ерекшеліктеріне сәйкес өлшенген болуы керек. Шынында да, Конституцияға енгізілген кейбір түзетулер мен өзгерістер саяси өмірге толықтай енген жоқ. Негізгі Заңға үнемі өзгерістер енгізу де азаматтардың тұрақтылық сезіміне және болашаққа деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін.

Үшіншіден, белсенді білім беру және ағартушылық саясаты арқылы ғана Конституцияның қоғамдағы беделін айтарлықтай арттыруға болады. Барлығымыз Конституциямызды, оның бізге қандай құқықтар мен міндеттер белгілейтінін білуіміз керек.Сондықтан оны оқыту барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларына саяси көзқараспен енгізілгені дұрыс.Сонда ғана біз Конституциямыз туралы көбірек біліп қана қоймай, оны қорғауға, бақытты және тұрақты өмір сүру құқығымызды сақтап қалуға күш саламыз.

Конституция азаматтардың мінез-құлқын белгілі бір мақсаттарға, үлгілерге жетуге бағыттайды. Ол белгілі бір қоғамның саяси-құқықтық санасына еніп, жоғары мұраттардың рөлін атқарады және осылайша құқықтың негізгі құндылықтарына айналады. Конституцияның мәні оның мазмұнымен анықталады. Ата заң қалыптастыратын құндылықтар, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету шараларымен қатар, азаматтардың санасына енуі керек.

Ел Конституциясының құндылығы Ата заңымыз қорғайтын түсініктермен тікелей байланысты. Ол саяси риториканың бірегей отандық түрі ретінде азаматтардың әрбір маңызды қоғамдық мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<