Сенім – алға жетелейтін күш

491

0

Астанада өткен ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік» деп атап өтті. Расында, сенім адамға күш-жігер береді, алға ұмтылдырып, алысқа жетелейді. Адамды биікке бастайтын да, алынбас қамалды бағындыруға ынталандыратын да осы – сенім күші.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына адал қызмет етуге,  Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант берді. Біз, Сыр елінен барған делегация мүшелері осы тарихи сәтке куә болдық.

Президент өз сөзінде «Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп атап өтті.

Елдік мұрат жолында ерге жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес. Әсіресе, бүгінгідей геосаяси жағдайда, сындарлы кезеңде ел тізгінін ұстаудың жауапкершілігі еселеп артып отыр. Осы ретте ел азаматтары, әр саланың мамандары өз ісін меңгеріп, өзіне жүктелген міндетті адал атқару арқылы Президентке қолдау көрсете алады. Ұлт болып ұйысқанда, бір қолдың саласындай болып біріккенде ғана алдағы асу бағынады.

Нұридин Әмитов,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<