Шуақты сәт

138

0

Бейсенбіні берекеге ба­лай­ты­нымыз бекер емес. Таңсәріден күннің көзі күз емес, көктем келгендей күйге енді. Қызыл­ордалық әрбір аза­мат бұл күннен ерек­шелік барын байқады. Себебі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Сыр­дағы сер­­пінді тірлікті, айрықша өр­кен­деуді кө­зі­мен көруге келді.

Мемлекет басшысы жұ­мыс сапа­рында жар­қы­раған жаңа зама­науи ны­­сандарды аралап, аймақ жұрт­шы­лығымен, зиялы қауыммен кездесті.

Айтулы сәтте іркіп қалуға болмас, мен үшін де киелі өл­ке­дегі «Өнер орталығында» Прези­дент­пен жолығудың сәті туды.

Сәулелі ойды қорыта білетін адам үшін Мемлекет басшы­сының әрбір сөзі санаға салмақ салады. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы сөз арасында жас­тардың дамуына ден қою қажет екенін қозғап, тәлімді тәрбие, дұрыс бағыт керек екенін қаперге салды.

Расында, қай кезде де тәртіп пен тәрбие болмаса, істің текке кеткені. Қазіргідей алмағайып уақытта жас буынды ұлттық нәрмен, ілкі дәстүрмен тәрбиелей отырып, жаңа заманға бейімдеу нағыз керек іс. Оның астарында жастарды ізгілікке, туған жерін шексіз қадірлеуге және тазалыққа үндеу секілді ой жатқанын сездік.

Айрықша күнде Президенттен байыпты бастама естідік. «Ірі мега­полис – Астана мен Алматыдан кейін жаңа кітапхана Қызылордада ашы­лады» деді. Бұл интеллектуалды ұлт болуға үндейтін, оқуға құштар жас буынға жаңа бағдар беретін үл­кен қазына орталығы болатыны хақ. Ой-санасы биік ұрпақ өсіруге дәл осы заманауи кітапхананың берері мол болады деп іштей қуандық.

Тағы бір көкейге ой салғаны – цифрландыру ісіне көңіл бұру қажеттігін маңыздылардың қатарына қосуы. Жасанды интел­лект өміріміздің бір бөл­шегіне айналған уақытта оны ермекке емес, игілікке айнал­дыруға тиіспіз деген ой салды.

Байыпты басқосудан қанат­танып қайтқанымыз жасырын емес. Әсіресе, Президенттің об­лыста атқарылып жатқан игі істерге, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын беруі кеудемізге мақ­таныш сезімін ұялатты.

Шуақты сәттеріміз көп болғай, Сырдың несібесі арта бергей!

Жақсыгүл ТОҒАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры