Мектепке дейінгі балалардың денсаулығын нығайту – маңызды мәселе

158

0

Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тамаша тәмсіл бар. Бұл әсіресе, жас буынға, оның ішінде балаларға қарата айтылса керек.

Бүгінгідей технология мен ғаламтор алға озған уақытта бала денсаулығын қорғау өзекті мәселенің бірі болып отырғаны жасырын емес. Соның ішінде мектепке дейінгі балалар денсаулығын нығайту маңызды.

Мектепке дейінгі білімде баға жетпес гигиеналық тәрбиенің тәжірибесі мол болғанымен, қазіргі заманға сай баланың денсаулығының нашарлап, әлеуметтік жағдай баланың дұрыс өмір сүру бейнесін қалыптастыруда жаңа қарым-қатынасты меңзейді. Ұлттық денсаулық сақтау ұйымында баланы салауатты өмір салтына тәрбиелеудің маңызы зор.

Осы орайда баланың салауатты өмір салтын құру оның тек психологиялық жеке-дара ерекшеліктеріне ғана  емес, оны қоршаған ортасы мен отбасының қолдауы қажет.

Баланың дені сау, салмақты, дене дамуы мықты, тәбеті жақсы, толыққанды ұйқысы қанық болып өсуі  үшін күн тәртібін қатаң сақтауы маңызды. Бұл балаға жастайынан ағзасының кез келген ауруға қарсы тұруына әсер етеді. Себебі, ағзадағы барлық әрекеттер белгілі бір тәртіппен жүріп отырады. Мысалы, жүрек ырғақты жұмыс жасайды, жиырылуы-босауы, тыныс алу, дем алу мен дем шығару кезектеседі, асқазандағы ас та белгілі бір уақытпен қорытылады.  Міне сондықтан мектепке дейінгі жастағы балалар саулығын сақтауда балабақшаларда күн тәртібін сақтауға қатаң көңіл бөлінеді.

Жалпы, мектепке дейінгі кезең – бала ағзасының өте қарқынды дамитын кезеңі. Яғни, осы жас шамасында балалар ағзасының, жүйке жүйесі мен дене мүшелерінің, психикалық дамуныың қалыптаса түсетін шағы. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда денсаулық сақтау іс-шаралары кешенді де жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Сонда ғана өсіп келе жатқан өскелең ағза сыртқы факторлар әсеріне төтеп бере алатын болады.

Өкінішке қарай, бүгінде балалар аулада, есік алдында, яғни, таза ауада көп ойнамайды. Есесіне, телефонға телмірген баланы жиі көреміз. Жұмысбасты ата-аналар балаға көбірек уақыт бөле алмауы салдарынан оның орнын теледидар мен телефон басуда. Бұл өз кезегінде бала ағзасының дұрыс дамуына әкеп соғуда. Соның салдарынан кейінгі кезде кеш сөйлейтін  және дамуы тежелген өрендер көбейді.

Қорыта келе айтпағымыз, ұрпағымыз сау, балаларымыздың денсаулығы мықты  болып өссін десек, олардың мектепке дейінгі кезеңіне бас көңіл бөліп, денсаулығын нығайтуға үлес қосуымыз қажет.

Гулшат ЖУСИПБЕКОВА,

көпбейінді облыстық балалар ауруханасы ота жасау бөлімшесінің мейіргері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<