Ұлттық құрылыс мемлекеттік құрылыстың дамуымен тығыз байланысты. Ұлттық құрылыстың маңызды өлшемдерін қорғау тек мемлекеттің ғана емес, барша қоғам мүшелерінің азаматтық міндеті мен жауапкершілігі болып табылады. Ұлттық құрылыс жаһандану жағдайындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан жаһандану жағдайында ұлттық құрылыс пен бірегейлікті сақтау мәселесі өте өзекті.
Ұлттық құрылыс процесі көп қырлы, оны зерттеу пәнаралық көзқарасты қажет етеді. Ұлттық құрылысты ғалымдар көптеген қосымша ұғымдармен түсіндіруге тырысады. Сондықтан әлеуметтік ғылымдарда интерпретацияланатын көптеген негізгі терминдер әлеуметтік және саяси практика категориялары болғанымен, әлеуметтік және саяси талдау категориялары да болып табылатындығын ұмытпаған жөн. Ұлттық құрылыс саяси құбылыс және идеологияның бір түрі ретінде қоғамдық бірліктің ең жоғарғы нысаны болып табылатын негізгі қағиданы қамтиды. Бұл ұлттық құрылыстың ұлт пен мемлекетті мәдени және саяси екі қауымдастық ретінде байланыстыруға ұмтылуынан туындады. Өзінің тарихи дамуындағы ұлттық құрылыс идеялары өзін-өзі анықтау және демократия идеяларымен, ұлттың «азаматтар қауымдастығы» ретіндегі идеясымен байланысты болды.
Қазіргі таңда көпұлтты мемлекеттер және осы елдер қалыптастырған азаматтық-саяси бірегейлікті өзгертуге бағытталған көзқарастар күшейіп барады. Көпұлттылық пен көпконфессиялық қазіргі заманғы мемлекеттердің көпшілігіне тән белгілер. Әр мемлекет белгілі бір уақыт кезеңінде және нақты міндеттерге сәйкес ұлттық құрылыстың тұжырымдамасын таңдайды. Көпұлттылық немесе көпконфессиялық тұжырымдама дағдарысы этникалық немесе діни бірегейлік формаларына негізделген радикалды қозғалыстарды жандандырып, белсенділігін арттырады. Радикалды топтар теріс объективті көзқарастарына сәйкес өздерінің мемлекеттік құрылымдарын құруға ұмтылады немесе өздерінің тар қауымдастығында оқшауланады. Осылайша біз бұл топтың қоғамдық өзара әрекеттесу жүйесінен шығуына мүмкіндік береміз. Сондықтан ұлттық құрылыс процесінің көп қырлығына байланысты оны зерттеу пәнаралық көзқарасты қажет етеді.
Ағартушылық дәуір философы Ж.Ж. Руссо ұлтты құрайтын адамдардың ұқсас әдет-ғұрыптары мен нақыштары, ортақ әлеуметтік мұраттары болуы керек екенін атап өткен болатын. Ұлт тарихта да, табиғатта да тамыры жоқ жасанды категория ретінде бағалайтындар кездеседі. Мәселен мұндай ұстанымды ағылшын әлеуметтанушысы және философы Э.Д. Смит білдіреді. Ол ұлттың негізі мифология екенін, оның пайда болуы ұлтшылдардың билікке келуімен тікелей байланысты екенін айтады. Сонымен қатар, ғалым ұлтшылдықты «оның кейбір мүшелері нақты немесе әлеуетті «ұлт» деп санайтын, тұрғындар атынан автономияға, бірлікке және бірегейлікке қол жеткізу және қолдау үшін қажетті идеологиялық қозғалыс» деп анықтайды.
Британдық саясаттанушы және әлеуметтанушы Б. Андерсон ұлттың келесі анықтамасын ұсынады: «бұл ойдан шығарылған саяси қауымдастық және ол сөзсіз шектелген, сонымен бірге егеменді ретінде елестетіледі». Ұлтты ойдан шығарылған қауымдастық деп анықтай отырып, ол ұлт мүшелерінің тұтастық бейнесі олардың санасында өмір сүретінін анықтайды. Ұлттың шектелуі кез келген халықтың өз шекарасының болуымен және өзін бүкіл адамзатқа сай елестетуімен айқындалады. Елдің егемендігі бостандыққа деген табиғи құштарлықпен айқындалып, азаттықтың кепілі мен нышаны ретінде егеменді мемлекет белгіленеді.
Австриялық публицист О. Бауэрдің пайымдауынша, «Ұлттың мәні ұлттық сипат ұғымымен тығыз байланысты, ал ұлт өзгермелілігімен сипатталады, ал ұлттық сипат бір ұлт мүшелерін белгілі бір кезең ішінде ғана байланыстырады». Осылайша, ұлт «мінездің салыстырмалы қауымдастығы» болып табылады. Әрбір ұлт үшін белгілі бір уақыт кезеңінде өзіне ғана тән ұлттық сипаттағы ерекше белгілері болады. Сонымен бірге, барлық ұлт өкілдеріне тән белгілі бір ортақ белгілердің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ұлттың салыстырмалы сипаттағы қауымдастық ретінде айқындалуы ұлт мүшелерінің бір-бірінен ерекшеленетін жеке белгілерінің болуымен түсіндіріледі.
Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті зерттеген ғалымдардың көпшілігі мәселені этникалық және азаматтық бөліністер шеңбері аясында қарастыруға бейім. Дегенмен, бұл бөлініс елдегі ұлт пен бірегейлікке қатысты басқа нарративтерді назарға алмайды. Сондықтан посткеңестік Қазақстандағы ұлттық құрылыс және бірегейлікті қалыптастырудағы процестерді бақылау үшін киноны сараптамалық құрал ретінде пайдалану маңызды. Кинематографиялық туындылар бейнелер мен белгілердің жиынтығын ұлттың тәжірибесі мен қабылдауын көрсетуге мүмкіндік береді. Киноны сараптамалық тақырыпта пайдалану өнердің, киноның, әдебиеттің және мәдениеттің басқа да түрлерінің тек Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі ұлттық құрылыстың динамикалық және үнемі өзгеріп отыратын процесін түсіну үшін пайдалануға болады. Ұлттық құрылыстың күрделі табиғатын дәйектеу және оның өзгергіш процесін зерттеу үшін бірқатар мәдени нысандарда қосымша зерттеулер жүргізуге болады.
Кеңес Одағының ыдырауы ғалымдарға салыстырмалы түрде ұлттық құрылысты зерттеу үшін өте бай материал берді. 1960 жылдардағы Африкадағы отарсыздандырудан бері көптеген жаңа мемлекеттер бір аймақта бір сәтте құрылмаған еді. Кеңес Одағының құрамынан бөлініп, жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің алдында ұлттық құрылыс процесі күрделі міндеттердің бірі болды. Әсіресе, әр мемлекетте халық арасындағы этникалық және мәдени белгілері бойынша бөлінген ортақ бірегейлікті қалыптастыру мәселесі тұрды. P. Kolstø, S. Høivik «Political construction sites: Nation-building in Russia and the Post-Soviet states» атты монографиясының басты назарында Латвия, Қазақстан, Молдова, Беларусь, Украина және Ресейдің ұлттық мемлекеттер құру жолындағы мұрагер мемлекет басшылары қабылдаған түрлі стратегиялары тұр. Негізінен посткеңестік мемлекеттерде салыстырмалы талдау үшін барлық қажетті бірқатар ұқсастықтармен қатар, түрлі өлшемдер, мәдениет және қазіргі заман тарихы тұрғысынан айтарлықтай айырмашылықтар бар. Ең алдымен ұзақ мерзімді саясат жүргізу үшін қазіргі заманғы мемлекеттерде әдетте бірлігі бар халқы болуы керек. Мемлекет азаматтары кейбір ортақ құндылықтар бойынша мемлекеттік институттар мен рәміздерге ортақ адалдықты ұстануы қажет. Бұл барлық тұрғындар міндетті түрде бірдей мәдени құндылықтарды ие болуы керек дегенді білдірмейді. Бірақ, халық өздерін бір ұлттың өкілі деп санауы тиіс. Демек, халық арасында ортақ мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегияларды ұлттық құрылыс деп атауымызға болады. Қазіргі таңдағы саяси ақиқат көрсетіп тұрғандай, бұрынғы Кеңес Одағы республикалары өздерінің ұлттық құрылысы үшін түрлі үлгілерді таңдады. Осы таңдау барысында ұлттық құрылысқа демократия, тұрақтылық және мәдени әртүрлілік үйлесімін анықтау маңызды. Әрбір елдің ұлттық құрылысы мемлекет құрудағы идеялардың өміршеңдігін қалайды. Ғалымдардың басым бөлігі ұлтшылдықты азаматтық және этникалық деп екі түрге бөледі. Көп жағдайда ұлтшылдықтың азаматтық түріне оң, этникалық түріне теріс баға беріліп жатады. Дегенмен, қазіргі дамыған Батыс Еуропа елдерінде таза азаматтық ұлттар қалыптаспаған. Сондықтан азаматтық немесе этникалық ұлтшылдық жақсы немесе жаман екенін бағалаудың қағидалы негізі жоқ. Бірақ, посткеңестік кеңістік елдері азаматтық ұлтшылдықты таңдағаны көрініп тұр.
Өткен ғасырдың екінші жартысындағы отаршылдық жүйенің күйреуі, 90-жылдардың басындағы КСРО-ның құлауына байланысты көптеген тәуелсіз мемлекеттер қалыптасты. Бұл өз кезегінде ұлттық құрылыс, азаматтық, жеке және ұжымдық құқықтар туралы жаңа тұжырымдардың пайда болуына әкелді. Ғылым мен саяси тәжірибеде әртүрлілік барысындағы бірлік, көпмәдениеттілік, айырмашылықтар мен бірегейлік құқығы жөніндегі доктриналар дүниеге келді. Жаңа тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық құрылыс Конституцияда жазылғандай, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және дініне қарамастан азаматтардың теңдігі қағидасына негізделді.
Ұлттық құрылыс процесс ретінде ешқашан аяқталмайды және кез келген мемлекетте бірегейлікке, ұлтқа, мемлекетке және режимге қатысты мәселелер үнемі туындайды. Табысты ұлттық құрылысқа апаратын жол ұзақ, күрделі және осы процестің негізгі қатысушылары ретінде кімді көреміз және олар қандай құралдарды, тәсілдер мен стратегияларды қолданғанын білгеніміз жөн. Талданып отырған тұжырымдардың әрқайсысы түрлі пәнаралық, теориялық және әдіснамалық тәсілдерді қолданғанына қарамастан, олардың арасында көптеген ұқсастықтар бар деп ойлаймыз. Барлық талданған материалдар көрсеткендей, посткеңестік кеңістіктегі ұлттық құрылыс динамикасының жалғасып жатқанын байқаймыз.
Мұрат Насимов,
саяси ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<