Жақсылық жасау қанымызда бар нәрсе – қызылордалық ерікті

467

0

Халқымыз қашаннан да жабырқағанның жанынан табылып, сүрінгенге демеу көрсеткен. Сол асыл қасиет ұрпақ бойында әлі де жалғасып келеді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында үш жылдан бері ресми түрде осындай ізгілікті істі жасап келе жатқан «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық бірлестігінің еріктілері осы уақытта көптеген қайырымдылық шараларына ұйытқы болды. Оған қоса білім, мәдениет және спорт бағыттарында жүзеге асқан іс-шаралар аз емес. ҚазАқпарат тілшісі осындай орайлы істерге жол ашқан қоғамдық бірлестік жетекшісі Еркінбек Айнақожаевты әңгімеге тартқан еді.

– Алдымен жергілікті жерде қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға бағытталған идея қалай туындағаны жөнінде айта кеткенің артық емес. Бұл идея қай уақытта пайда болды? Оған кімдер қолдау білдірді?

– Халқымызда «Кең болсаң кем болмайсың», «Жасаған жақсылығың еселеп қайтады» деген нақыл сөздер бар. Қазақ баласы ежелден жетімін жылатқан жоқ. Қиналғанға қол ұшын берді. Мұндай ізгілікті істерді ағайын-туыстан, ата-анамыздан, ұстаздардан көріп өстік. Сондай ізгі қасиеттерді барлығымыз бойымызға сіңірдік.

Халқымызда асар деген жақсы үрдіс бар. Сол үрдісті қайта жаңғырту мақсатында жұмыстар жасалды. Жақсылық жасау – қанымызда бар нәрсе. Өзім де қолым бос кезде біреуге қол ұшын созуды қалап тұратын жанмын. Негізінде мұндай істерді 2016 жылдан бері жүзеге асырып келеміз. Алғашқыда жағдайы төмен отбасыларға айға жетерлік мөлшерде азық-түлік апарып беріп жүрдік. Кейіннен киім-кешек апаруға көңіл бөлдік.

2019 жылы облыстық әділет департаментінде қоғамдық бірлестік ретінде тіркеліп, ресми түрде жұмысты бастадық. Оған қаншама ерікті мүше ретінде қабылданды. Бүгінде көптеген жастарымыз іс-шараларға белсенді түрде атсалысады.

– Қоғамдық бірлестік құрамына қандай азаматтар тартылған? Әрбір шараны өткізу барысында кеңес жасалып, ортақ шешім шығарыла ма?

– Өз тарапымыздан әрбір іс-шараны өткізерден бұрын соған байланысты жиналып, ақылдасып аламыз. Жасалатын жұмыс жан-жақты талқыланады. Бұл мақсатта аудан басшылығы, жергілікті мешіттердің, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірі ескеріледі.

Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің 185 ерікті мүшесі бар. Олардың біреуі қол көмегін жасаса, ендігі бірі қаржылай көмектесіп жатады. Әрбірі игілікті істерді атқаруға барынша қол ұшын созады.

Қазір кейбір жастардың бойында ішкілікке салыну, ұрлық жасау, төбелес, құмар ойынға салыну секілді жат әдеттер белең алып барады. Оған қалай тосқауыл қоя аламыз? Біздің алдымыздағы негізгі мақсаттың бірі – өскелең ұрпақты осындай өрескел жағдайлардан сақтандыру. Біз өзіміздің қайырымдылық шараларына, асарға негізінен соларды шақырамыз. Оны жастарды имандылыққа, жанашырлыққа, жауапкершілікке баулу ден санаймыз. Оған қоса салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық сезімдерін ояту, ұлттық құндылықтарды жаңғырту – негізгі міндетіміз. Бұл бағытта халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау, қазақтың отбасылық институтын сақтауға үлес қосып келеміз. Жастарды ізденімпаздыққа, жаңашылдыққа, инновацияға баулуға күш саламыз.

– Осы мақсатта қандай іс-шаралар атқарылды?

– Алдымен қоғамдық бірлестік алдында тұрған төрт бағытқа тоқтала кетелік. Алдымен білім бойынша түрлі олимпиадалар, тренинг-семинарлар ұйымдастырамыз. Екіншіден, қайырымдылық бағытында тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етеміз.

Ауданда «Қамқор» әлеуметтік дүкені ашылды. Оған қажетті киім-кешекті негізінен елордадағы «Қарқын» деген дүкеннен алдырамыз. Олардың да бағыт-бағдары қайырымдылық шарасымен үйлеседі. Ол жақтан жеткізілген киім-кешектер өте сапалы, таза. Олардың арасында жаңа киімдер де бар. Әлеуметтік дүкенге ауданда киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкерлер де қолдау көрсетеді.

– Қоғамдық бірлестік тарапынан қолға алған жобаның бірі – баспанаға мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамту екенін білеміз. Қазірге дейін қанша отбасының жаңа баспанаға қолы жетті?

– Қоғамдық бірлестік тарапынан 2019-2022 жылдар аралығында тұрмысы төмен отбасыларға 6 баспана берілді. Олардың екеуі сатып алынса, төртеуі асар әдісімен салып бердік. Биыл мұндай отбасылар тағы екі баспанамен толықты. Енді аудан әкімдігінің қолдауымен тағы бір үйді мқтаж отбасыға берсек деген жоспарымыз бар. Осылайша мұқтаж жандарға жалпы алғанда тоғыз үй тарту етілмек.

Айтқнымыздай, тұрғын үйлер кез келген отбасыға беріле бермейді. Оның көптеген талабы бар. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияның шешімі бойынша мұқтаж отбасыға тұрғын үй беріледі. Мәселен, асырушысынан айрылған көп балалы отбасылар назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, отбағасының мүмкіндігінің шектеулі болуына да көңіл бөлінеді. Яғни, отбасына табыс кірмейтін жағдайлар ескеріледі.

Осындай талаптар негізінде үш-төрт отбасы іріктеледі. Қоғамдық бірлестікте кеңес мүшелері ақылдаса отырып, қай отбасына беру қажеттігі жөнінде шешім шығарылады. Ол жөнінде әлгі отбасына алдын ала айтылмайды. Оларға тосынсый ретінде беруді дұрыс көреміз. Үй беретін кезде аудан әкімі, мешіт имамы, кәсіпкерлер шақырылады.

– Денсаулығы дімкәс бірқатар балалардың еміне тиісті қаржы жинап берілгенін естіген едік. Бұл игілікті іс жалғасып жатыр ма?

– Иә, жанашыр азаматтардың қолдауымен денсаулығы дімкәс балалардың еміне көмек көрсетілуде. Ауданға қарасты Шалқия кентінде тұратын жүрегінде ақауы бар қыз баланың емделуіне 7 млн теңгеге жуық ақша жинап берілді. Бұл мақсатта арнайы қайырымдылық акциясы өткізілді. Кәсіпкерлер де демеушілік көрсетті. Науқас бала сол арқылы Түркия елінде емін алып қайтты. Сондай-ақ, денсаулығында дімкәс балалардың Өзбекстан және өзге де елдерде ем алуына көңіл бөліп келеміз.

– Қазір жастар арасында жұмыссыздық мәселесі өзекті тақырыптың біріне айналып отыр. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жобалар бар ма?

– Бізде жастарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жоба қолға алынған. Елдің арасында екі қолға бір кәсіп таппай жүрген азаматтар аз емес. Олардың кәсіпкерлік нысандарда еңбек етуіне мүмкіндігі бар. Қоғамдық бірлестікке демеушілік көрсетіп жүрген кәсіпкерлер бос жұмыс орындарын ұсынады. Ендігі кезекте «Кәсіпке баулу» деген жобаны қолға алуды ойлап отырмыз. Сол арқылы жергілікті тұрғындарға жаңа кәсіптің қыр-сырын үйретуге күш саламыз.

Тағы айта кетерлігі, «Тазалық – табалдырықтан» деген жобамыз бойынша кент орталығында негізінен көктем айларында арнайы сенбілік ұйымдастырылады. Жүзеге асатын барлық жобалар жыл бойына жүргізіледі.

– Сөз басында айтқандай, руханият және спорт бағыттарында қандай жұмыстар жасалды?

– Иә, руханият бағытында мемлекеттік және діни мерекелерді атап өту шараларына көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, спорт және өнер бойынша ұлттық ойындарды жаңғыртылып, волейбол, футбол, баскетбол және қол күресінен сайыстар өткізіледі.

Мәселен, руханият бағытында белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаеваның «Анаға хат» жобасы бойынша тиісті іс-шаралар атқарылды. Мектеп оқушылары анасына деген жүрекжарды сезімін білдірді. Бұл бойынша шығармашылық байқауы бірнеше мәрте өткізілді. Марапаттау рәсіміне Ақмарал Лубаеваның өзі келіп қатысты. Бас бәйгеге ноутбук тігілсе, жүлделі орындарға телефон және өзге де дүниелер берілді. Ынталандыру сыйлығы да ұмыт қалған жоқ. Жобаны жетілдіру мақсатында «Әкеге хат» деген жоба жасалды. Жас ұрпақ ата-анасына деген ішкі сезімін осылайша жеткізуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, Құрбан айт, Мәуліт секілді діни мерекелерді өз деңгейінде атап өтуге мән беріп келеміз. Спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Балаларға тегін сыйлықтар таратылады. Орталық алаңдағы бүкіл атракциондар, ойын алаңдары сол күні тегін болады. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлер лайықты деңгейде қолдау көрсетіп келеді. Құрбан айт кезінде аудан орталығында тегін автобус пен такси ұйымдастырылады. Орталық алаңда киіз үй тігіліп, жергілікті тұрғындар астан дәм татады. Мұндай іс-шаралар Наурыз мерекесінде де кең ауқымда жүзеге асады. Әлеуметтік дүкеннен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар өздерін қажетті киім-кешекті алуына мүмкіндігі бар. Тағы айта кетерлігі, онда кішкентай балаларға ойыншықтар да беріледі. Бұл шараға жергілікті кәсіпкерлер қолдау жасауда.

– Әңгімеңе рақмет. Ойға алған ізгілікті істеріңізге сәттілік тілейміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<