Суды үнемді пайдалану – дағдарыстан шығу жолы

529

0

Парламент палаталарының күні кешегі бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтты.

Жолдауда алдағы міндеттерді саралап, негізгі бағыттарды белгілеген Президент алдағы кезеңде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын атап өтті. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», – деді Президент.

Шындығы керек, ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.

Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су жағдайы бойынша сырт елдерге тәуелділікті көрсетеді.

Президентіміз аталған өзекті мәселені саясиландыруға жол бермей, трансшекаралық өзендердің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал осы өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі.

Бір ғана Ертіс өзенін алайық. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40%-ға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауызсу ретінде, екіншісі – аяқсу, үшіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр, яғни Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр.

Оңтүстіктегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Сырдария өзенінің жағдайын қысқаша шолайық. Ішкі нарықты Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90% өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екендігі анық.

Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақтап қалу.

Су ресурс ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Бұларсыз өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын дамытып, сыртқа тасымалдап, табыс табу әсте мүмкін емес. Осы орайда, Мемлекет басшысы өз Жолдауында су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, суды шақтап пайдалану мәдениетін дамыту, жаңа тариф саясатын қалыптастыру жөнінде кеңінен тоқталып, атқарушы органдардың алдына нақты міндеттер қойды.

Шындығында да, көптеген сарапшылардың пайымдауынша гидромелиорация саласының мамандарын даярлау жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді. Президенттің тапсырмасы аясында жаңадан құрылатын Су ресурстары және ирригация министрлігі қалыптасқан жағдайды шұғыл арада сараптап, барлық деңгейдегі су шаруашылығында саланың жұмысын тиімді үйлестіруді қолға алуы тиіс.

Қолданыстағы су заңнамалары да заман талабына сай жетілдіруді қажет етеді. 2003 жылы қабылданған «Су кодексі» өзгерістер мен толықтыруларға көп ұшырағанының салдарынан құқық қолдану реттілігі төмендеп кеткені байқалуда. Сондай-ақ, қазіргі кодекс суды шаруашылық мақсатқа пайлалану тәртібін ғана реттейді және су ресурстарын сақтауға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, су нысандарын жобалау, салу және техникалық пайдалану мәселелерін реттеуге де қауқарсыз.

Аталған мәселені жіті назарына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін Үкіметке су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа «Су кодексін» дайындауды тапсырғаны белгілі.

Алдағы уақытта біз Парламент депутаттары күн тәртібінде қамтылған мәселелер бойынша, атап айтқанда, су ресурстарын басқару жөніндегі қызметті мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру, су ресурстарын басқару саласының ғылыми әлеуетін арттыру, судың құнын оның негізгі құнына сәйкестендіру, суды үнемді және тиімді пайдалану мен тасымалдауды ынталандыру үшін тариф көлемін нақтылау мақсатында тиімді коэффиценттер қолдану, су ресурстарына мемлекеттік бақылауды жетілдіру жағдайлары жөніндегі нақты ұсыныстар аясында орталық атқарушы органдармен, ғылыми сарапшылармен бірлесіп, тиісті заңнамалық жұмыстар жүргізетін боламыз.

Келешекте кемелді елге айналудың бір жолы осы су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе, яғни таяу болашақта елдің дамуында су ресурстарының қолжетімділігі бірінші орынға шығады.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<