Қазір әлемде геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстар күшейіп тұр. Адамзат баласы соның салдарынан туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келді. Айналып келгенде, мұндай күрделі жағдайдың әлем жұртшылығы үшін зардабы аз емес. Бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін жауапкершілік жүгін жеңілдетуге болмайды. Астана қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде осындай маңызды мәселелер таразыға тартылып, оны шешу жолдары сарапталды.
Айта кетсек, аталған ұйым өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп келеді. Мамандар ұйымның заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алатынын айтып келеді.
Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұранын алға тартты. Бұл ортақ миссияның мән-маңызын айқын көрсетті.
– Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы жиын барысында.
Ашығын айтайық, санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтірді. Өкініштісі, оның даму перспективасының аясын тарылтып жатыр. Президент мұндай жағдайда оң динамиканы сақтауға және әлеуетті арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет екенін атап өтті.
Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты.
Жалпы, әлемдік сарапшылар елордада өткен саммиттің маңызды екенін сезініп отыр. Бұл жөнінде оң бағасын берді.
Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<