Сындарлы сабақ, саналы іс-қимыл

677

0

Қазақстанда болған қасіретті де қайғылы оқиғалар бүкіл әлем қауымдастығының назарын аударды. Еліміздің батысында бейбіт шеру басталып, шеруге шыққан азаматтар бейбіт түрде талабын қойды, билік ерекше назар аударып, ел азаматтарының талабы ішінара қанағаттандырылды. Бірақ күтпеген, ойламаған жерден бүлік бұрқ ете түсті. Бұрын-соңды болмаған қайғылы оқиғалар бейбіт өмір сүріп отырған қарапайым халықтың берекесін қашырды. Мыңдаған халық шеруге шығып, еліміздің барлық өңірлерінде шерулер басталып, әділеттілікті талап еткен жұрттың жанайқайы бір сәтте бұзақылардың бүлігіне ұласып, еліміздің астаң-кестеңін шығарды.

Бейбіт шеруден басталған аласапыранның алғашқы сәтінен бастап, Президентіміз барша Қазақстан халқына және әсіресе, жастарға арнап бірнеше дүркін мәлімдеме жасады. Елімізде орын алған төтенше жағдай барысында Президенттің халықаралық аренадағы (деңгейдегі) беделінің жоғары екендігіне куә болдық. Бұл жүрегімізде біздің мемлекетіміздің тұрақтылығына және кемел келешегіне деген үлкен сенім туғызды. 

Бірақ таңғалдыратыны осыншама опасыздық пен жантүршігерлік жауыздық, озбырлық қайдан шықты? Бұл террористер мен бүлікшілер қайдан келді? Елімізге сырттан келгендер шекарадан қалай өтті? Іштен шыққан опасыз жауларымызды қалай құзырлы органдар байқамай қалды? Сұрақ өте көп. Олар қалалардағы мемлекеттік мекемелерге, стратегиялық нысандарға шабуыл жасады. Отқа орады. Дүкендерді, банктерді қиратып тонады.

Мемлекет алдындағы антына берік қарусыз тұрған полицейлер мен ұлттық ұландарымыздың әскери қызметкерлерін қырып-жойып, тіпті жап-жас боздақтың басын кесіп алуы қазақ баласының қолынан келмейтін қаныпезерліктің асып кеткен көрінісі болды. Қирату, бүлдіру, тонау, өртеу – бұл да жаны ашымас нағыз опасыз жаудың әрекеті еді. Қаншама әскерилер мен полицейлер, арнайы қызметкерлер, қыршын боздақтар біздің бейбіт өміріміз жолында террористер мен қарақшы лаңкестердің қолынан қаза тапты.

Осындай қиын-қыстау шақта арнайы бекітілген ұжымдық қауіпсіздік шартына сәйкес көршілес, бауырлас, тілектес елдерден бітімгершілік күшінің шақырылуын жұртшылық ерекше қолдады және келуін күтті. Нәтижесінде біздің елімізге жедел көмек көрсетіліп, Отанын сатқан опасыздарға тойтарыс берілді. Президентіміздің стратегиялық бітімгерлік күштерді шақыруы бұл өте дұрыс шешім болды, соның арқасында лаңкестер салған лаң тоқтатылып, елімізде тұрақтылық қайта қалпына келуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі отырысында өзінің сөзінде еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сонымен қатар Үкіметтің жаңа құрамына және барлық мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктеді.

Қаңтарда болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін ашып берді. Сондықтан Президентіміз ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келген аса маңызды мәселелерге ерекше тоқталды. Ең алдымен, еліміздің әскери, құқық қорғау және қарулы күштер саласын реформалау мәселесі. «Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл  іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек», – деді Президент.

Ол үшін  әскери-көлік  авиациясы паркін толықтыру ісін, ішкі  істердің арнайы отрядтарын нығайту, армияның дайындығын  күшейту, Ұлттық ұланның сандық әрі сапалық мазмұнын кеңейту шараларын, ішкі көші-қон саласын, шекара  қызметін қолға алу керек екені айтылды.

Екіншіден, экономикалық бағыт бойынша. Қазіргі уақытта теңсіздік мәселесі, мүліктік жіктелу байқала бастады, сонымен бірге халықтың әлеуметтік проблемалары толық шешілмей жатқаны да қоғамға белгілі. Мемлекет басшысы проблемаларды айта келіп, Үкіметті  көпшіліктің назарында жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да ұлттық компаниялардың сатып алуларының ашықтығына  қатысты мәселелерді, жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық  ашық әрі айқын болуын, экономикадағы олигополия, бизнесті қолдауға  арналған  мемлекеттік шаралардың  кемшіліктерін, мемлекеттің дамуын  тежейтін жемқорлық  секілді мәселелерді шешуді  тапсырды.

Үшіншіден, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару аппаратындағы өзекті мәселелер бойынша. Бұл саладағы сапалық, мазмұндық  жұмысқа баса назар аударуды  міндеттеді.

Меритократия принципін басшылыққа алып, оны тиімді әрі әділ жүзеге асыруға  шақырды.

Төртіншіден, әлеуметтік саладағы қордаланған проблемаларды шешуді жолға қою. Халықтың  әл-ауқатын көтеру, медициналық,  білім беру, әлеуметтік қызметтерді кедергісіз, толық көлемде пайдалану,  олардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының   айтуынша, мемлекеттік  бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік  салаға  жұмсалады, бірақ ол көрсеткіш  әлі  жеткіліксіз.

Сондықтан, денсаулық,  балаларды қорғау, саналы білім беру сияқты салаларды қолдау  мақсатында «Қазақстан  халқына»  деп аталатын қоғамдық  қор құру туралы Президенттің   ұсынысы  өте орынды әрі  уақытылы деп есептейміз.

Осы кезекте қоғамдық қор жұмысын, оған түсетін және жұмсалатын қаржыны республика, облыс, қала, әрбір аудан деңгейінде бақылауға алу, қоғамдағы ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету қажеттілігі белгілі.

Мемлекет басшысы саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешуде ерекше маңызды фактор ретінде сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Президент мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешуді тапсыра келе, жаңаша жолдарын ұсынды. Айтылған ұсыныс білім саласы қызметкерлерінің көңілінен шықты. Соңғы жылдары еліміздің орта білім беру саласында реформалар жасалып, жүйелі түрде іске асырылуда.

Олардың қатарында білім деңгейін бағалау жүйесі, білім беру бағдарламалары, педагогикалық жаңа әдістер мен тәсілдерді жаңарту ісі тұр. Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі» туралы Заң мұғалім мамандығының қоғамдағы мәртебесінің артуына және олардың еңбекақысының лайықты өсуіне ықпал еткенін білеміз.

Осы ретте Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші. Ал қоғамның рухани әлеуетін ілгері дамыту ұстаздар қауымының қызметіне тікелей байланысты. Жастарымыздың қаншалықты ізденіп, жоғары білім алуы, белгілі бір кәсіппен айналысуы, лайықты жалақы алуы, соған сәйкес өмір сүру деңгейінің сапасы артса, қоғамның өркениетті дамуына соншалықты ықпалы болатыны өмір шындығы екені белгілі. Жоғары білімнің қолжетімділігі мен университеттердің бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселелер де айтылды. Жоғары білім беретін оқу орындарын, колледждерді бітірген жастардың жұмысқа орналаса алмауы қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселе болып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларын ұсынып, оның аясында жұмыспен қамту, еңбек ақысын арттыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Халқының саны көп өңірлердегі жастарға арналған мақсатты гранттардың берілуі білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін болады.

Ғылым мен білім беру сапасын арттыру мақсатында шетелдік беделді 5 университеттің филиалдарын ашуды күн тәртібіне шығарды. Еліміздің батысында техникалық білім беретін жоғары оқу орындарының филиалын ашу экономикалық-энергетикалық өндіріс саласын білікті мамандармен қамтуды көздейді.

Жалпы алғанда, жоғарыда ұсынылған шаралар жүйелі түрде жүргізілуге негізделген. Әлеуметтік-экономикалық салаларда орын алған кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бағытталған. Осылайша, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық қажетті шаралар Қызылорда облысы бойынша да уақытылы, дер кезінде жүргізілуде. Ең бастысы, қаңтарда орын алған бүліктен қорыққан халықтың көңілі орнына түсті. Облыста жағдай тұрақталып, тіршілік өз қалпына келді.

Өңірдегі азық-түлік қоры жеткілікті. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазір тұрақтандыру қоры қоймасында 1448 тонна өнім бар. Аймақта 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеп тұр.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы ірі сауда нысандары мен май құю бекеттерінің жұмысымен танысып, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы күнделікті бақылауға алынған. Аймақ басшысы террорлық акті салдарынан зақымданған әкімшілік ғимараттарды, нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын да назарға алып, оларды қалыпты жұмыс режиміне көшіруді пысықтады.

Облыс орталығында жаппай тәртіпсіздік кезіндегі қиын сәтте қаруланған бұзақыларға полицейлер мен әскери қызметшілер тойтарыс беріп, ерлік көрсетіп, азаматтық танытып, антына адал қызметшілер ретінде Отанын, халқын қорғап, әрбір сарбаз мемлекет тұтастығының қорғаны болды.

Осылайша елдігіміз сынаққа түсті, Ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік тұтастығымызға қатер төнді, енді осы сәттен тарихи сабақ алуымыз, оның қайталануына жол бермеуіміз қажет. Егемен еліміз үшін қиын-қыстау сәттерде бірлікте болып, біз үшін ең басты рухани құндылығымыз – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қорғай білейік. Сондықтан, қадірлі ағайын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қабылданып жатқан шараларды қолдап, төңірегіне топтасып, азаматтық борышымызды орындап, адал қызмет жасағанымыз абзал. Отан үшін отқа түсуге қай-қайсымыз да дайын болу азаматтымызға сын. Өйткені бізде Отанымызға қызмет етудің басқа жолы жоқ!

Қылышбай БИСЕНОВ,

облыстық мәслихат депутаты, ҚР ҰҒА академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<