Сыр елінің дамуына серпін берген

1037

0

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқи отырып, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы серпінді істер жайында мол мағлұмат алдық.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен бес мәрте кездестім. Қай жүздесуде де ол кісінің алысты болжай білетін көреген қасиеттерін байқадым. Елбасы Қызылорда облысының дамуы үшін де көп еңбек сіңірді. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасының өзі аймақ дамуына оң әсер етті. Кезекті сапарының бірінде «Сыр – алаштың анасы» деген жүрекжарды лебізін білдіріп, тәуелсіз еліміздің дамуын Қызылорда облысының өмірінен көруге болатынын тілге тиек етті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел өмірінде үлкен өзгеріс болды. Ата-бабалар аңсаған азаттыққа бейбіт жолмен қолымыз жетті. Десе де жас мемлекет алдында саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан үлкен істер тұрған еді. Сол сәтте Мемлекет басшысы қызметін атқарған Нұрсұлтан Әбішұлына тәуелсіз елдің шаңырағын шайқалтпай, тұғырын биік ұстауға бағытталған ауқымды міндеттер жүктелді.

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі халқымыз үшін оңайға соққан жоқ. Елбасының сара саясатының арқасында еліміз береке-бірлік, ынтымақ, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге назар аударды. Осындай саясаттың нәтижесінде еліміз үздіксіз өсу мен өркендеуге көңіл бөлді.

«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», – деді Елбасы өз мақаласында.

Тәуелсіздік – тұғырымыз. Осы бір қасиетті ұғымның қадірін арттырып, мемлекет дамуында жоғары биіктен көріну – егеменді еліміздің алға қойған мақсатының бірі.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<