Сыр халқы белсенділік танытты

597

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізілген жалпыұлттық референдумның қорытындысы шықты.

Ел дамуының кемел келешегі үшін жасалған игі бастамаға атадан қалған «Береке бастауы бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған отандастарымыз толық қолдау білдіріп, маңызды саяси шараның жоғары деңгейде өтуіне біркісідей атсалысты.

Бұл тұрғыда билердің биі Майқы бидің «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген аталы сөзін ұстанған және Алашқа ана атанған Сыр жұртшылығы жаңару жолындағы еліміздің жаңа бағытын қолдайтынын білдіріп, дауыс беру нәтижесі бойынша киелі Түркістан өңірінен кейінгі жоғары орынды иеленді.    

Өз кезегінде Президенттің барлық реформаларын қолдаушы саяси күш ретінде «AMANAT» партиясымен ел тағдырын анықтайтын референдумды қолдау мен ақпараттандыру, оның мәні мен мазмұнын көпшілікке жеткізу үшін Партия Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов басқарған республикалық және 231 партия белсендісі мен ардагерлерінен, зиялы қауым өкілдері мен сарапшы-ғалымдардан, аймаққа танымал, беделді азаматтар мен қоғамдық пікір көшбасшыларынан жасақталған облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде қоғамдық штабтар құрылып, қажетті үгіт жұмыстары белсенді жүргізілді. Осы мақсатта партияның барлық құрылымдық бөлімшелері, ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева мен Мәжіліс депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских және жергілікті мәслихаттардағы барлық фракциялар мүшелері, партияның бастауыш ұйымдары мен жастар қанаты, сондай-ақ барша жақтастарымыз ақпараттық-насихаттық жұмыстардың бел ортасында болды.

Әріптестеріміздің қатысуымен облыс орталығы мен барлық аудандарды, соның ішінде шалғай елді мекендерді, түрлі әлеуметтік топтар мен еңбек ұжымдарын қамти отырып, 700-ден астам кездесу өткізіліп, оған 100 мыңнан астам жерлесіміз қатысты. Республикалық штаб мүшелері болып табылатын ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының өткізген 160-тан астам кездесуіне 10 мыңнан астам азамат қатысты.

Барлық үгіт жұмыстары ашық және заман ағымына сай келетін қажетті форматтарда өткізіліп, референдумды  насихаттауда әлеуметтік желідегі жұмыстарға да басымдық берілді. 108 іс-шара 1118 республикалық және жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттандырылды.

Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясы мүшелерінің тұрғындармен кездесулерінде еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформалар бойынша және жергілікті жердегі өзекті мәселелер жөнінде арнайы 1059 ұсыныс жинақталды. Бұл ұсыныстар партия назарына алынды және республика бойынша түскен  барлық ұсыныстарға партияның Қоғамдық саясат институты талдау жасауда. Барлық ұсыныстар бойынша алда ҚР Парламенті Мәжілісі Үкіметпен бірлесіп, қажетті жұмыстарды жүргізетін болады.

Мұнан бөлек, дауыс беру күні партия тарапынан өңірдегі барлық дауыс беру орындарында арнайы өкілдеріміз қатысып, халық таңдауының заң талаптарына сәйкес өткізілуіне қоғамдық байқау жасады.

Осы орайда барша белсенділеріміздің бір ай көлемінде ел игілігі жолында жүргізген ақпараттандыру жұмыстарының оң нәтижесін жерлестеріміздің дауыс беруге жоғары деңгейде қатысуы жақсы жағынан көрсетті.   

Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес – конституциялық реформаны қолдауға арналған шараларға белсенді қатысқан ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарына және аймақтағы барша облыстық, қалалық, аудандық штабтар мен мәслихаттардағы партия фракциялары мүшелеріне, БПҰ жетекшілері мен мүшелеріне, партияның жастар қанаты белсенділері мен жақтастарына және Жаңа Қазақстан үшін таңдау жасаған барша  сырбойылықтарға  аймақтық партия филиалы мен облыстық штаб атынан шынайы алғысымыз бен ризашылығымызды білдіреміз.

Ендігі міндет – халық сенімі мен аманатын ақтай отырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуы жолында жаңару мен жаңғырту бағытындағы жұмыстарды белсенді жүргізу.

Ләйлә ТӨРЕШОВА,

«AMANAT» партиясы

Қызылорда облыстық филиалы жанындағы штаб төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<