Өзімізге белгілі, бұған дейін су ресурстары саласы әртүрлі ведомстволардың құрамында болды. Сондықтан мамандар саланың басын бүтіндеп, бір орталықтан басқарылуы керегін айтып, Су ресурстары және ирригация министрлігін құру қажет екенін жеткізген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында осы жайтты ескерусіз қалдырмағанына дән ризамыз! Бұл шешім елімізге, соның ішінде су шаруашылығы мәселесі күрделеніп тұрған Сыр өңірі үшін өте маңызды.
Республикамыз трансшекаралық су көздеріне тәуелді екені жасырын емес. 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Су ресурстарын басқаратын жаңа министрлік осы жайтты ретке келтіріп, тіршілік көзін үнемді пайдаланудың жолын қарастыратыны даусыз, яғни, Президент дер кезінде шешім қабылдады.
Сыр өңіріндегі жағдайды көзіміз көріп тұр, егін шаруашылығына су ауадай қажет. Келешекте осы өзекті мәселе шешімін табады деп сенеміз. Алдағы уақытта еліміздегі 15 су қоймасы қалпына келтірілмек. Соның бірі – облысымыздағы «Қараөзек» су қоймасы толықтай аяқталып, күрделі жөндеуден өтеді. Өңірдегі 856 шақырымға созылып жатқан 26 каналдың түбі тереңдетіліп, толық тазаланбақ. Аталған істердің бәрі еліміздің су ресурстары саласына шындап мән берілгенін айғақтайды.
Жорабек Нұрымбетов,
«Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы, облыстық мәслихаттағы «Amanat» фракциясының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<