Тәуелсіздіктің берік құқықтық негізі

478

0

Республика күні – еліміздің басты және ұлттық мерекесі.  Араға уақыт салып, қайта оралған ұлттық мерекенің маңызы зор.

1990 жылы 25 қазан күні ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл декларацияның қабылдануымен Қазақстанның егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.

Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы мемлекет пен қоғамның негізгі заңы ретінде бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып есептеледі. Онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптасу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әралуандығы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ал қолданыстағы қазіргі Ата заңымыз 1995 жылы 30 тамыз күні бүкілхалықтық референдум арқылы қолданысқа енгізілді. Содан бері оған 6 рет, атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2022 жылы 5 маусымда ел тарихында үшінші жалпыхалықтық референдум және Конституцияға түзетулер енгізу бойынша екінші рет конституциялық референдум өткізілді. Ата заңдағы өзгерістердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Ол мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған:

Құқықтық жағынан негізгі өзгерістердің бірі ретінде Конституциялық соттың құрылуын атап өтуге болады. Конституциялық соттың басты ерекшелігі – азаматтардың өтініштері мен шағымын қабылдауы.

Конституциялық реформаға сәйкес Мемлекет басшысы тағайындайтын Сенат депутаттарының саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. 2023 жылғы қаңтардан бастап Президент Сенаттың 10 депутатын тағайындайды, оның 5-і Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы негізінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Конституция тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституцияда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да айқындалды» деп атап өткен болатын.

Ал Конституция мазмұнының уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыруы – заңды құбылыс. Бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатқан тұста мұны орынсыз дей алмаймыз. Еліміздің көшке ілесіп, қарқынды дамуға ден қоюы құптарлық. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына негіз болып қала бермек.

Жадыра ШӨКЕНОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

құқықтану кафедрасының аға оқытушысы,

заңтану магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<