Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұсынған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеясы жаңа немесе Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Президент көрсеткендей, «Адал адам дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам». «Адал адам» қалыптастыру идеясы қай қоғамда болмасын үздіксіз көтеріліп келген рухани-танымдық қажеттілік. Мәселен, өз еліміздің тарихи тәжірибесін алсақ, хакім Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Арлы адам», М.Әуезовтің «Кемел адам» идеяларының тірегінде жастарды адалдыққа тәрбиелеу, қоғамда адамгершілік қасиеттерді кеңірек дәріптеу мәселелері жатыр. Әрбір қандасының жүрек запыранын қуаныштың жасымен жуғызуға қызмет еткен тұрпатты тұлғалар, мінезді ерлер осындай адал азаматтардың қатарынан шығып отырған.
Заманымыздың көрнекті жазушыларының бірі, алаштанушы Т.Жұртбай «Талқы» кітабында «Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Өйткені, тарихтағы ұлы сілкіністер – ұлы тебіреністерден туады. Ұлы тебіреністер – ұлылардың ой-толғанысы мен таным талқысынан күш алады» деп толғайды. Алаш арыстарының жетекшісі Ә.Бөкейханның «халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деуі де бекер болмаса керек. Айтқандай, қазіргі кезде қоғамға қажетті адал адам тәрбиелеудің жолдары мен нұсқалары қоғамтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлының «Самға» баспасынан шыққан «Кемел адам» кітабында да жан-жақты көрсетілген. Құрылтайда Президент қойған міндеттің үдесінен шығу күнделікті өмірде адал азаматтарға деген қажеттілік тудыруды алға тартады. Бұны баршамыздың ортақ парызымыз десек артық болмас.
Менің ойымша, бұл бағытта барлық қоғамдық институттардың (саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, әйелдер ұйымдары, қоғамдық кеңестер, кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері, БАҚ, бастамашыл жастар ұйымдары, ата-аналар комитеттері, педагогикалық ұйымдар, т.б.) адал жастар тәрбиелеу ісінде жұдырықтай жұмылатын кез келді деп ойлаймын. Мәселе адамның интеллектуалдық қалыптасуына қатысты болғандықтан біз Мемлекет басшысының бастамасына белсенді түрде жауап беруге тиіспіз. Соның бір формасы ретінде мәселен, орта және арнаулы оқу орындарының рейтингін бағалағанда олардың қызметін қанша оқушы мектепті үздік бітіргенімен емес, қаншалықты шығармашылықпен ойлауға қабілетті, интеллектуалдық деңгейі жоғары оқушы тәрбиелей алғаны басты критерийге айналғаны абзал. Осыны кешенді түрде қолға алсақ, жемқорлық дағдылардан бойы аулақ, ұстаздарының көмегі және ата-аналарының қолдауы арқасында шығармашылық қабілеті шыңдалған, ата-бабадан қалған ізгі салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрып нормаларын түп санасына орнықтыра алған жас жеткіншектің жан-жағына жастық жалыны мен адамгершіліктің, адалдықтың нұрын шашып жүрері шүбәсіз. Тек осыған қоғам бірінші кезекте мүдделілік танытуы қажет.
Қазір білімге жыл сайын облыстық бюджеттің жарымына жуығы бөлінеді. Бұл білім алушыларға жасаған шынайы қамқорлық екені даусыз. Десек те, тәрбие ісіне де айрықша көңіл бөлетін мезгіл жетті. Ең болмағанда түзу жүру үшін екеуін тең ұстаған абзал. Кешегі кеңестік кезеңде «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» деген маңызды ұран болушы еді… Меніңше, бұл жерде гәп білім мен тәрбие ұғымдарының ішкі құрылымдарында жатыр. Анығында, тәрбие – этикалық процесс. Оның ұстанымдары, дағдылары талай тарихи сыннан өткен, ұлттық ерекшеліктерді сақтауға бағытталған және діни прогрессивті канондармен үндесетіндіктен көп өзгере бермейді. Ал білім – аккумулативті процесс. Бұның философиялық мәні, яғни қажеттілігі төмендемесе де құрылымы мен мазмұны уақыттың немесе әр дәуірдің сұранысына сай жиі өзгеріп отырады. Мысалы, биыл жазылған оқулықтың аз уақыттан кейін қажетке жарамай қалуы кәдік. Сол себептен тәрбие беру ісі өркениетті елдерде бірінші орында.
Әлемнің ұстазы әл Фараби бабамыз «Тәрбиесіз білім алған адам – адамзаттың қас жауы» деп ешқашан өзектігін жоймайтын өсиет қалдырған. Ғұламаның осы өсиетін әрбір мектептің маңдайшасына жазып қойса да артық болмас еді. «Алдымен – экономика, сосын саясат» деп 30 жыл ұрандатып жүріп, Адамның басты құндылық екенін ескермей, оның тәрбиесін көңілден шет, көзден таса қылғанымыз өте өкінішті…
Мемлекет басшысы ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі басымдықтарға жеке-жеке тоқталды. Мемлекеттік тілге қатысты «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін мәлімдеп, бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді жолы әрі төте жолы ағартушылық деп санайтынын айтты. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Жасап отырған жұмысымызға қатысты болғандықтан, осы идеяға кеңірек тоқталғым келеді.
Бізге белгілісі әр елде кітап оқу мәдениеті әр деңгейде. Мысалы, әртүрлі әлеуметтік желілердегі ақпараттарды сараптасақ, дүниежүзі бойынша кітапты көп оқитын ел Жапония екен. Күншығыс елінде бір жылда 25 мыңнан астам кітап саудаға түседі. Әрбір жапондық жылына 25 кітап оқиды, ал Түркияда алты кісі жылына 1 кітап оқиды, яғни жылына 150 түріктің оқығанымен 1 жапонның оқығаны тең боп тұр. Десек те, түріктер қызметке маман қабылдағанда оның көркем әдебиетке қаншалықты қызығушылық танытатынына өте жоғары мән береді екен. Бір көңіл тоқтататын жағдай, батыста теледидар, ғаламтор қарқынды дамыған сайын жұртшылықтың кітапқа деген қызығушылығы да арта түскен. Ал кітап басу көшін Ұлыбритания бастап тұр екен. Екінші орынды Германия еншілейді. Үшінші орын Америкаға тиесілі. АҚШ-та өткен ғасырдың сексенінші жылдарында 8-9 миллиард доллардың кітабы сатылса, жыл сайын бұл көрсеткіш екі есеге өсіп отырған. Кітап – ондағы халықтың иммунитеті болса, кітапхана – халықтың ең сүйікті, қасиетті, қастерлі мекеніне айналған. Америкалықтар қалт етсе (саябақта, жолда, автобуста, жағажайда, түскі үзілісте де) кітап оқиды. Кітапты көп оқудан үнділер мен қытайлар, таиландтықтар, филиппиндер, египеттіктер мен чехтар да дес бермей келеді. Тек қазақтың бұл көшке ілесер қошы жоқ сияқты. Дегенмен Қазақстан кітап қоры жөнінен әлемде 41-орында екен. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді. Бұл тәуір көрсеткіш. Ал біздің облысымызда 209 кітапхана бар. Халық саны 836 мыңнан сәл асады. Тіркелген оқырмандар саны – 254887 адамды құрайды. Жалпы кітап қоры – 4552669 дана. Осыны әрбір оқырманға шаққанда 17 кітаптан ғана келеді. Бұл орташа көрсеткіш. Бір қуанарлығы, кейінгі жылдарда облыстық бюджеттен кітап сатып алуға қаржы бөлу ұлғайып келеді.
Кешегі Құрылтайда Президентіміз «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз… Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет» деп айрықша маңыз берді. Бұдан шығатын қорытынды, біз оқырман дайындауды жүйелі қолға алуымыз қажет.
Кітапхана саласының іскер басшыларының бірі, Астанадағы Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы өткен жылдың 28 қаңтарында «Айқын» газетіне берген сұхбатында тілшінің «Әлеуметтік желіде шетелдегі ерекше кітапханалардың суреттерін жиі бөлісесіз. Бұл Қазақстанда заманауи жабдықталған, кітап қоры мол, әлемдік деңгейдегі кітапхана ашылса деген арманыңыздан ба?» деген сауалына «Дұрыс байқадыңыз. Бұл мессендж қоғамға, Үкіметке арналған. Сондай кітапханалар біздің елімізде неге жоқ? Мысалы, көрші Ресейдің кітапханашыларының күші мықты. Олар «культура» деген жоба жасап тастаған. Жыл сайын миллиардтаған қаржы, грант бөлінеді. Жылына 100-ге жуық кітапхана модернизациядан өтеді. Ал Қытай кітапхана салудан алда. Соңғы рет желіге Жапониядағы судың үстіне салынған кітапхананы жүктедім. Франция, Милан, Жапония, Мельбурндағы ерекше кітапханаларды да бөлісіп жүрмін. Алматы мен Астанадан неге турист тартатын осындай ерекше кітапхана салмасқа? Өткенде Анкарадағы кітапханада болдым. Ол жерге келетін халықтың қарасы қалың. Күніне оқырмандарға тегін бір уақыт ыстық тамақ, су береді. Төмен қарай кітап сақтайтын жеті қабаты бар. Ташкенттің ұлттық кітапханасы тікелей Президент әкімшілігіне қарайды екен. Біз 3 сканерге қуанып отырсақ, оларда 38 сканер бар. 24 сағат кітапхананың электронды залы жұмыс істейді екен. Ол жерге 100-ге жуық компьютер қойылыпты. Бізде кітапханаға көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Бірақ модернизациядан өткен, жаңа талапқа сай, кітапхана ісі автоматтандырылған жер жоқ. Кітапханаға бару пайдалы деп айтып отыратын мораль жастарға өтпейді. Кітапхананы қазіргі заман талабына сай сәулетті етіп салсақ, адамдар өздері-ақ келер еді» деп жауап берген.
Былтырғы Түркістанда өткен, кешегі Атыраудағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының кітапхана ісін дамытуға жиі-жиі оралуы аталған саланы өркениетті елдердегідей заманауи деңгейге жеткізу мұратынан туындады деп түсінеміз. Бұл бағытта соңғы жылдары еш жұмыс жүрмеді деуден аулақпыз. Жастарды, әсіресе, мектеп оқушыларын кітап оқуға тартуда қолға алынған ауқымды жобалар болды. Мысалы осындай «Мектеп жасындағы балалардың оқуына ұсынылатын көркем әдебиеттердің тізімі» атты жоба әзірленді. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2022 жылы қолға алынған бұл жұмысқа Қазақстан Жазушылар одағы (төрағасы – Ұ.Есдәулет), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты (директоры – К.Матыжанов), Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана (директоры – А.Сайдембаева) және Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының (директорының міндетін атқарушы Ж.Айдарбекова) ұжымдары атсалысып, келісілген. Жоба бойынша 6-18 жас арасындағыларға қазақ әдебиеті туындылары мен шетел әдебиеті аудармаларынан қазақ және орыс тілдерінде жас ерекшеліктеріне қарай 1000 (мың дана) көркем әдебиет оқу ұсынылған. Өкініштісі, нақты іске аспай қалды. Қазіргі таңда аталған жобаны облыстық білім және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары қайта қолға алып, бірлескен іс-шара жоспарын бекітуді келісуде. Егер осы жоба іске асатын болса, онда ол біздің Мемлекет басшысының көтерген бастамасына деген қажетті қолдауымыз, өскелең ұрпақтың рухани кемелденуіне қосқан үлесіміз, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға ұмтылған нақты қадамымыз болар еді.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<