Самұрат ИМАНДОСОВ, Қызылорда облысының құрметті азаматы:
Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен V Ұлттық құрылтайда келелі мәселелер, байыпты бастамалар сөз болды. Алдымен «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің дамуын жоғары бағалаған Президент облыс әкімінің атқарған жұмысына оң баға берді. Бұл біздің аймаққа деген үлкен ықылас, шын құрмет десек, артық айтпаспыз.
Иә, Сырда өткен құрылтайда ел тағдырына тікелей қатысты ой айтылып, тарихи бетбұрыстар айқындалды. Президент сөз еткендей, бұл басқосу Қазақстандағы ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғандай. Енді ел сенімін нығайтатын көптеген жақсы ұсыныстардың нақты қолға алынатыны анық. Әрі мемлекет басқарудағы халық үнін есту, ұлт санасын жаңғыртуға деген нық қадамдар тоқтамайды. Парламент қызметін түбегейлі қайта құру идеясы, оның құзіретін кеңейту, Халық кеңесі институты, вице-президенттік құрылым мен цифрландыру туралы Мемлекет басшысының пайымдары құптарлық.
Қуантатыны – Арал мен ондағы экологиялық ахуалдың Президент назарында тұрғаны. Қазіргі су деңгейін ұстап тұрған Көкарал бөгетін қайта биіктету, Халықаралық су ұйымын құру мәселесі, су саясатында көрші мемлекеттермен дипломатиялық мәмілеге келу жайлы осы келелі жиында кеңінен айтылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр елінің еңбекқорлығын, ұйымшылдығын жоғары бағалады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, жанашырлық пен тазалық жағынан өзгелерге үлгі екенін ерекше айтып өтті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қызылордада құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Заманауи кітапхана, драма театр құрылысы осы жылы басталмақшы. Ең бастысы – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автобанының Қызылорда-Ақтөбе бөлігі кеңеймек. Қазіргі екі жолақтан төрт жолаққа ауысады. Сондай-ақ өңірге қатысы бар «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысы да басталады. Бұған қосымша «Қызылорда-Жезқазған» жолының қалған бөлігі осы жылы аяқталады. Жалпы жалғыз бізде ғана емес, республика бойынша да бұрын болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асады.
Құрылтай соңында бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталған еді. Елдің экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқандар қатарында өзім де болғаныма қуандым. Мемлекет басшысы І дәрежелі «Барыс» орденін тақты. Бұл менің ғана емес, Сыр елінің еңбек адамдарының абыройы деп білемін.





