Тарихи кезеңнің баспалдағы

453

0

Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсімі өтті. Қатыстық. Көрдік. Осынау тарихи сәтте бойымызды ерекше сезім кернеді.

Қай уақытта да ел тізгінін ұстаған Президентке халық үлкен үмітпен қарайды. Себебі кемел келешектің бастауы ел басшысының ұстанған саясатына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде еліміздің алдағы дамуының он бағытын айқындап, нақты жоспарларын бөлісті. Соның ішінде қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру мақсаты екенін қадап айтты. Сондай-ақ, алдағы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілетінін мәлімдеді. Елдің күткені де осы еді.

Шынында, еліміз алдағы жаңа бастамалардың нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсіп жатса, елдің іргесі сөгілмей, бірлігі бекитіні анық. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарса, мемлекеттігіміз бен егемендігіміз мәңгі боларына сенім мол. Мемлекет басшысы өз сөзінде осынау құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – Қазақстанның Президенті ретіндегі қасиетті парызы екенін айтып өтті.

Алда Президенттің Жолдауларында, үндеулерінде және сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің шешімін күтеміз. Ендігі міндет – әділетті Жаңа Қазақстан құру. Заң және тәртіп, берекелі қоғам, ұлттық сапа, азаматтардың мүддесін қорғайтын мемлекет құрып, оны басқарудың жаңа моделін жасақтау. Міне, Қазақстан халқы осындай істердің жүзеге асуы үшін  Президентке дауыс берді. Бір сөзбен айтқанда, болашаққа үлкен үміт пен сенім артып отыр.

Жаһандану заманы – білімділердің төрге озатын кезі. Өздеріңізге белгілі, Президент сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттыруға, ғылымға ерекше көңіл бөлді. Мен ғылым мен білім беру саласының қызметкері ретінде уәде етілген өзгерістердің сөз жүзінде  емес, іс жүзінде жүзеге асқанын қалаймын.

Қазақ елі тарихи кезеңге аяқ басып отыр. Енді әділетті Қазақстан құру үшін қоғамда болып жатқан үдерістерге әрбіріміз жауапкершілік алуымыз қажет.

Жандос БАЗАРТАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және

тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<