Құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал. Оның мөлшерлемесін 20%-ға дейін жоғарылату, сол арқылы бюджетті толықтыру мемлекеттік органдар тарапынан қаралады да, бірақ бизнестің және жалпы барлық азаматтардың пікірі ескеріле бермейді. Бұл мәселеге халық та алаңдаулы еді. Енді тағы қымбатшылық белең ала ма деген уайым да жоқ емес-тін.
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн екенін айтты. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керегін де алға тартты. Үкіметке түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікірін ескере отырып қабылдауды ұсынды.
Бізде салықтың түр-түрі бар. Шағын кәсіп иелеріне төлеу оңай емес. Сондықтан Үкімет мөлшерлемені тағы бір қарау қажет. Президент бұл жерде барынша оңтайлы шешім шығаруға шақырды. Демек, мемлекетке де, кәсіпорын иелеріне де тиімді болу керек. Бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуды тапсырды.
Жаңабай БЕКІШЕВ,
«Квант» ҚМЗ» ЖШС басшысы,
облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<