Қайрат ЖӘЛІМБЕТОВ, жалпы білім беретін кешкі мектеп директоры:
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қоғамдағы маңызды деген мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын көрсетіп берді. Бұл ретте руханият саласына ерекше мән беріліп, бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар қолға алынбақ.
Президент алдағы екі жылда елімізде 100-ден астам мәдениет нысаны жөнделетінін жеткізді. Сондай-ақ музей ісін дамыту маңызды міндеттердің бірі ретінде аталды. Бұл тұрғыда Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі озық тәжірибе ретінде бағаланды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жаңа драма театр мен заманауи кітапхана салу жоспарда бар екенін айтты. Аталған нысандардың құрылысы биыл басталатыны белгілі болды. Бұл жаңалыққа мәдениет саласының өкілі ретінде қатты қуандым. «Сыр елі – жыр елі» деген атау тегіннен-тегін телінбеген ғой, біздің өңіріміз рухани құнды дүниеге бай. Талай сүлейлер мен жыраулардың, ақын-жазушылардың, өнер майталмандарының ордасы болған Сыр елі осы қасиетінен танбақ емес.
Оның үстіне кейінгі жылдары аймағымыздың аты жақсы жағынан, толағай табыстармен, жетістіктермен шығып жатыр. Қала келбеті күн санап көркейіп, дамып келеді. Мұны Мемлекет басшысы да алқалы жиында айтып өтті.
Президенттің дүйім елдің алдында: «Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.
Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін.
Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мысалы Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін.
Сіздер осы аймақпен қатар, күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер» дегенін естіп осы жердің азаматы ретінде төбеміз көкке жеткендей әсерде болдық.





