Үлкен бетбұрыс, үмітке толы жаңалық

378

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аталатын Жолдауын жария етті.

Жолдауды тыңдап, өмірімізге өзгеріс әкелетін тың бастамаларды танып, көңілімізге жақсы әсер қалдырғандығын жасырмаймыз.

Мемлекет басшысының әрбір Жолдауынан халықтың қоғам өміріне қатысты жаңа серпіліс күтетіні анық. Бүгінгі күн осындай үдеден шықты деп білемін.

Қоғамның, халық тұрмысының дами түсуі үшін кәсіптің жағдайын түзету керек екендігі жеткілікті айтылып жүр. Ал отандық өнім нарығына жол ашатын кәсіпкерлердің күні банкке байлаулы. Олар банкке қоятын кепілдік пен төлейтін өсімнің көптігінен еткен еңбектің қарымын қайтара алмайды. Дәл осыған қатысты Президент: «Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет.

Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет» деді.

Бұл үлкен бетбұрыс, үмітке толы жаңалық.

Сонымен бірге жеке қарыз алушылар жағдайына қатысты да мемлекеттік тұрғыдан мән берілуі халық тұрмысына алаңдаудың алдыңғы шарттарының бірі деп санаймын.

«Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деген Мемлекет басшысы билік орындарының халықпен тікелей жұмыс істеуіне тағы да баса назар аударды.

Шындығында, билік халықпен тығыз араласуы керек. Қоғамға ашынушылардың өршуі алшақтаудан пайда болады.

Жалпы алғанда, Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегімен байланысты мәселелер қамтылды.

Енді халыққа жаңа жобалардың игілігін көру күні де алыс емес деп есептейміз.

Әріп ХОЖБАНОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<