Ұлт болмысының айғағы

267

0

Сан ғасыр бабалар аңсаумен өткен, елдіктің, ерліктің түп қазығына айналған тәуелсіздік, қазақ елінің дербес мемлекет болып өмір сүруі өткен ғасырдың соңына қарай жүзеге асқаны баршаға мәлім. Бұл жолда қазақтың небір жақсы мен жайсаңы өз өмірін құрбан етті. Басқасын айтпағанның өзінде өткен ғасырдың басында қазақ зиялыларының дербес ел болуға ұмтылуы, Алаш ардақтыларының әрекеті сол атадан балаға ұласқан арманды жүзеге асыру жолындағы күрестің жалғасы еді. Олар дербес ел болуды, өзге елдермен терезесі тең мемлекет болуды мақсат етті.

Ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда аталған 25 қазан – тарихи маңызы зор, өте қастерлі, ұлық күндердің бірі. Себебі, біздің еліміздің егемендігі дәл осы күні қабылданған аса маңызды құжаттан басталады.

1990 жылы 25 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданды. Декларация Қазақ КСР-нің егемендігін және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Сонымен қатар алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент елдің басшысына айналды. Бұл еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан құжат болатын.

1995 жылғы 18 қазанда Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып жарияланды. 2001 жылғы 13 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданды, оған сәйкес Республика күні мемлекеттік мереке болып танылды, яғни алты жылдан соң «Ұлттық мереке» мәртебесінен айырылып, «Мемлекеттік мәртебе» санатына өтті. Ал 2009 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күнін мерекелеудің күші жойылды.

Он үш жыл өткесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынып, оған «Ұлттық мереке» мәртебесін беру қажет екенін мәлімдеді. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,  деген болатын Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында. Тапсырма көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Президент оған қол қойды. Осылайша 25 қазан – Республика күні болып белгіленді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып өзгерді.

Сыр өңірінде Республика күні ерекше аталып өтуде. Ауылдарда түрлі шаралармен қатар ел ардағы – батырлар мен билердің мерейтойлары, егін жинау науқанының мәреге жеткені тойлануда. Мұны ел Республика күніне тарту ретінде қабылдап отыр.

Алдажар ӘБІЛОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

 «Ауыл» партиясы Қызылорда филиалы саяси кеңесінің мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<