Ұлттық құрылтайда ұлықталған құндылықтар

578

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақстан Ұлттық құрылтайының үшінші жиыны еліміздің мұнайлы астанасы – Атырауда өтті. Ұлттық құрылтайдың бұл кезекті басқосуы  қасиетті Рамазан айы, Жыл басы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жасаған маңызды баяндамасы үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін еместігіне, әйгілі Сарайшық қаласының осы маңда екеніне мән беріп, тарихымызға назар аударудан басталды.

Президент «Сарайшық шаһары Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деп, қазақ халқының терең тарихына шолу жасады.

Шынында, ұлан-ғайыр Ұлы даланың қай жерінде де қазақтың тарихы тұнып тұр. Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін кең-байтақ қазақ даласының қадір-қасиетін, қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңдерді шын бағалай алып жүрміз бе деген ой келеді. Ал Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Менің бастамаммен Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.

Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ» деуі бұл ойымыздың түйінін шешкендей. Осындай біздің тарихымыздың терең екенін, егемендік алып, дербес мемлекет болып әлемдік қауымдастыққа енгеннен кейін біз де халқымыздың өткенін терең зерттеп, өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу борышымыз деп есептейміз. Мұны Мемлекет басшысының баяндамасы нақтылап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдағы баяндамасында былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын жеткізе отырып, елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендердің көптігін айтты. «Алтынемел» және «Барсакелмес» ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілсе, теңдесі жоқ орындардың бірі, біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үстірт қорығы екенін, ол жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері екенін атап өтті. «Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді» деп, тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсыратынын жеткізді.

Сонымен бірге Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайтынын атап өтті. Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі – «Ешкіөлмес» жотасы, «Арпаөзен», «Құлжабасы», «Сауысқандық» сайларында сақталған көптеген тарихи суреттер туралы баяндады. «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн» деп, еліміздің археология саласындағы түйткілді мәселелерге кеңірек тоқталды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Оның пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, нығайта түсу үшін біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деді. Баяндамада радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргенін, бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екенін атап көрсетті.

Сондай-ақ, ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге Ясауи кесенесіне қатысты өз ойын білдіріп, нақты тапсырмалар берді.

Бізге дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет екені, ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтауымыз керегі айтылды. «Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз» деді. Дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруге, ислам қағидаларын өрескел бұрмалауға жол бермеуге ерекше назар аудару керектігін нақты мысалдармен жеткізді.

Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғыртудың да маңыздылығы кеңінен сөз болды.

Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атау ұсынылды. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді деген сенім білдірді.

Құрылтайда Мемлекет басшысы қозғаған тағы бір маңызды мәселе – қоғамды жайлаған, қоғамның дертіне айналған бес кеселмен: есірткі саудасы, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализммен күресті белсенді жүргізу, оған тосқауыл қою болды. Шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуға шақырды. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам болатынын, қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы біркісідей жұмылуы керек екенін қадап айтты.

Президент мұнан кейін еліміздегі экономикалық серпілістерге тоқталып, бірнеше бағытта атқарылып жатқан оң істерді баяндап берді. Саяси реформаларды жүзеге асыруға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алатынын жеткізіп, оларға үлкен жауапкершілік артты.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болуды ескертті. Мемлекет басшысы барлық ойларын қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Мемлекет басшысының сөзінде еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керектігі, Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтитыны, сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқаны айтылды. Президент сөзімен айтатын болсақ, біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам, яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды». «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болатынын, балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керектігін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды, олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Мінекей, осындай ұлттың жаңа сапасын, жаңа келбетін қалыптастыруға бүкіл қоғам болып бірігуіміз, оны әрі қарай іске асыруымыз керегін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы береке-бірлікті сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін айтты.  Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деді.

«Елдің тұтастығы зиялы қауымның тұтастығынан басталады,  алдымен ел ағалары  ұрпаққа өнеге болатын келелі кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті» деген салмақты пікірі көпшіліктің ойынан шыққан келелі сөз болды. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген аталы сөздің орынды екенін тағы бір мойындадық. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны, бір-біріне әрдайым тілектес болуы, аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керегі айтылды.

Баяндамада айтылған тағы бір өзекті мәселе – интернетті талғамсыз пайдаланудың бала тәрбиесіне теріс ықпалы туралы болды. Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуестігін байқап жүрміз. Осы орайда, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулу өте маңызды.  Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Президент былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айтқан болатын. Соның нәтижесінде Алматыда және Астанада осындай тамаша ғимараттар бой көтеретіні тағы нақтыланды. Кітап – рухани қазына, білімнің қайнар көзі екенін ұрпақ жадына сіңіріп, қоғамда кітапқа деген құрметті оятуға ықпал етіп, «Ұлттық кітап күні» тәрізді іс-шараларды өткізу маңызды болмақ.

Ұлттық құрылтайдың әрбір жиынында тарихи шешімдерге негіз болатын ұсыныстар айтылады. Атырау төрінде жалғасын тапқан құрылтай ел дамуының жаңа белесі бағамдалып, ой бөлісіп, ұтымды, тұжырымды ойлар ортаға салынған маңызды қадам болды. Еліміздегі барлық игі істер құрылтайларда айтылған тұжырымдардан бастау алып, жүзеге асып, жалғасын табуда. 

Жалпы ұлт ұясы – Ұлытаудан бастау алып, киелі Түркістанда жалғасқан, енді міне, тарихи өлке – Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда тағдырлы шешімдерге негіз болатын ұсыныстар қабылданды. Ұлтты бір ұяға ұйыстырып, халқымыздың салт-санасын бір арнаға тоғыстыратын   маңызды шара болды. Осылайша, ұлтымыздың болашақтағы болмысын айғақтап, қоғамның дамуына тың серпін беру арқылы Ұлттық құрылтайдың маңызы артуда.

Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі ретінде өзімнің осы орайдағы ой-пікірімді Сыр өңірінде атқарылып жатқан ауқымды істермен қорытындылағым келіп отыр.

Біздің өлкемізде де көз қуантарлық жасампаз істер көптеп атқарылуда. «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», білім саласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты, өнер саласында көп жылдар бойы шешімін таппай жүрген Қызылорда музыкалық колледжінің жаңа ғимаратының салынуы, «Өнер орталығының» ашылуы және жаңа әуежай құрылысы, Қызылорда қаласында дәстүрлі өнер иелеріне арналған «Жыраулар үйінің» ашылуы облыс басшысының Президент тапсырмаларын орындаудағы, Жаңа Қазақстан құрудағы нәтижелі еңбегі деп білеміз. Жалпы Қызылорда облысының даму барысы Мемлекет басшысының ұстанымының, оның идеяларының өмірде жүзеге асуының үлгі-өнегесіне айналған  өңір деп есептейміз және бұған шын мәнінде күнделікті өмірде куә болып жүрміз.

Қылышбай Бисенов,

ҚР ҰҒА академигі,

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<