Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Өзім Ұлттық құрылтайдың экономикалық реформа секциясына қатысып, бірқатар маңызды мәселені ортаға салдым. Соның бірі – банк саласының қызметін реттеу. Мерзімі өткен несиелері бар азаматтардың банк шоттарын бұғаттау тәжірибесін қайта қарауды ұсындым. Өйткені бұл адамның жұмыс істеуіне, әртүрлі төлем жасауына кедергі келтіреді. Бір сөзбен айтқанда, адам құқығын шектеумен бірдей. Мұны толығымен тоқтату немесе жартылай ғана бұғаттап, қаражаттың қалған бөлігін адам өзі пайдалана алатындай мүмкіндік жасалуы керек. Халықтың талап-тілегінен туған ұсынысыма сәйкес банк қызметіне қатысты шешім қабылданды. Қатаң шаралар жүзеге асырылатын, онлайн несие берілмейтін болды. Несие алғысы келген адам банкке өзі барып, тіркелуі керек.
Білім және медицина саласы бойынша да кейбір түйткілдің түйіні осы жиында тарқатылғандай. Мен бұған дейін құр қаңқасы ғана бар, бірақ құрал-жабдығы жоқ жеке мектептердегі білім сапасы туралы айтқан едім. Мұндай оқу ошақтары адамды жұмысқа қабылдарда көбіне еңбек шартын жасамайды. Уақытша алады, онда да айлық жалақысын дұрыс төлемейді, зейнетақы жарнасын аудармайды. Президент құрылтайда кейінгі кезде өзіне жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты азаматтардан келіп түсетін сауалдар жиілеп кеткенін айтты. Білім беру саласында мемлекеттік қаржыландырудың қолданыстағы тәртібі бұрмаланып отырғанын атап өтіп, оны шұғыл түрде түзету қажеттігін мәлімдеді. Осыған байланысты Үкіметке білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру механизмін жедел реформалауды міндеттеді.
Жиі сынға ілігетін медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығы туралы мәселе де көтерілді. Мемлекет басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорындағы кешенді тексеріс нәтижесінде көптеген заңбұзушылық деректері анықталғанын айтты. Үкіметтің аталған сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру жөніндегі шешімін құптады.
Халықтың әлеуметтік хал-ахуалын арттыру бағытында берген ұсыныстарым қоғам тарапынан зор қолдауға ие болғанын айтқым келеді.





