Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады

738

0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында  зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар ұсынылды. Оның ішінде  көпшіліктің қуана қабылдаған тұсы – әйелдердің зейнеткерлікке 61 жаста шығатыны. Демек, 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыру 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтатылады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-на дейін, ең жоғарғысын 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізуді де көтерді. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, еліміздегі барлық 2 млн зейнеткерді қамтиды.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін жұмыстар жалғасады.

Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы қолдау шараларының барлығы толық сақталған. Дегенмен, балалы отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде.

Ең негізгілерінің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін  бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте, аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Бұл құқықты республика көлемінде  жарты миллионға дейін ата-ана пайдаланатын болады. Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады. 

Екіншіден, бала күтімін атқаратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала күтіміне төленетін жәрдемақы тоқтатылуы қажет. Жаңа Әлеуметтік кодекс жобасы бойынша осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді.

Ертілеу ЖАЛҒАСБАЕВ,

Еңбек және әлеуметтік қорғау

комитетінің облыс бойынша департамент басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<