ҚР Президентінің кезекті Жолдауында Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттары белгіленді. Президент бастамалары экономиканың әрбір саласының жаңа даму ережелерін ұсынып отыр. Соның нәтижесінде атқарушы билік жүйесі, орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынас өзгереді, салықтық ынталандырудың, нормативтік-құқықтық реттеудің, инвесторлармен өзара іс-қимылдың жаңа жүйелері өңірге енгізілетін болады.
Жаңа Жолдау экономикалық мәселелерді шешуге бағытталса да, онда әлеуметтік дамуымыздың маңызды бағыттары айқындалған: жалақыны көтеру, жұмыспен қамту, балалар қауіпсіздігі, білім алудағы қолжетімділік, тағы басқалар бар.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Осы салада қордаланған проблемаларды жүйелі шешу үшін жеке министрлік құрылды. Мұндай қадам еліміздегі су қауіпсіздігі мәселелерін мақсатты түрде шешуге және саланы жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді.
Су тапшылығының жылдан жылға артып отыруына байланысты қазіргі таңда көптеген мемлекеттер су ресурстарын басқару жүйесін өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейтуде. Сондықтан Мемлекет басшысы жылдар бойы қордаланған және осы уақытқа дейін шешімі табылмай отырған проблемалар мен кемшіліктерді ерекше атап өтті. Су мәселелерін шешу осы салаға қажетті мамандарды дайындаудан басталатыны белгілі. Сондықтан Президент Үкіметке Ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайту туралы шараларды қабылдауды тапсырды. Себебі, елімізде бүгінгі күні су шаруашылығы саласында білікті гидротехниктер, гидротехникалық құрылыстардың инженер-құрылысшылары, гидрологтар, гидрогеологтардың тапшылығы бар. Келешекте мамандарды дайындау мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, су шаруашылығы саласындағы жұмыс берушілердің сұраныстары мен еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес жүргізілуі керек. Атап айтар болсақ, жоғары оқу орны, жұмыс беруші кәсіпорын және білім алушы арасында үшжақты келісім-шарт жасалуы қажет. Осыған сәйкес, жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының базасында білім алушылардың практикасын, тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруды міндетіне алады. Ал жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түлектердің жұмысқа орналасуына тапсырыс берушілер кепілдік беріп, тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуі керек.
Су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің барлығын жаңадан құрылған Су және ирригация министрлігі жүйелі түрде шешеді деп ойлаймыз.
Президент көлік-логистика саласын да одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа бастамалар еліміздің қуатты логистикалық әлеуетін тиімді іске асыруға жол ашатыны анық. Жаңадан құрылған Көлік министрлігі осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізетін болады.
Тоғыз жолдың торабында тұрған мемлекетіміздің бұл саладағы мүмкіндігі зор екені белгілі. Еуразияның қақ ортасында орналасқан мемлекетіміз арқылы ең маңызды жол тораптары өтеді. Біздің теңіз және құрғақ порттарымыз, автомагистральдарымыз арқылы Қытайдан Еуропаға, Ресейден Парсы шығанағына тауар тасымалдау әлдеқайда жылдам. Сондықтан көлік-логистика саласын экономиканың жаңа драйвері, күретамырына айналдыру – басты міндетіміз. Жол инфрақұрылымын дамыту азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға мүмкіндік беретін болады.
Мемлекет басшысы демографиялық үдерістерді ескере отырып, «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – балаларымыздың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін алғашқы қадам болмақ.
Жолдау қоғамды толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді. Мемлекеттің дамуына ықпалын тигізетін бірнеше жаңа экономикалық дамудың басым бағыттары анықталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын біздің алдыңғы қатарлы дамыған ел, қуатты мемлекет болуымыздың өзекті әрі маңызды бағдары мен бағдарламасы деп есептеймін.
Өйткені, әлемде болып жатқан қайшылықтар, қарулы қақтығыстар қалыптасқан экономикалық және геосаяси жүйені ыдыратып, әлсіретіп жатыр. Осының барлығы әлемнің дамуын тежеп, кей жағдайда ауыр жағдайға әкеліп отырғаны белгілі. Күрделі геосаяси жағдайында еліміз бүгін және алдағы уақытта қалай дамуы керек? Бүкіл халқымызды алаңдатып отырған осы сұраққа Президент толық жауап берді.
Келешекте еліміздің экономикалық қуатын арттырудың ең өзекті, өміршең деген мәселелерін шешудің нақты жолдарын, шешілуге тиіс мерзімі мен уақытын да нақтылап көрсетті. Президенттің халықты толғандырып отырған және айтылып жүрген жайды толық білетіндігіне көзіміз жетті.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» саясатының нәтижесі деп білеміз. Бізде шұғыл қолға алып, жаппай жұмылып шешетін өзекті мәселелер жетіп-артылады. Осы орайда Президент халқымыздың тұрмысын жақсартудың және елімізді дамытудың өзекті мәселесін үлкен жауапкершілікпен және шынайы жанашырлықпен атап өтті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу, өнеркәсіп өндірісінің қуатын арттыру, отандық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару, банк-қаржы жүйесін жетілдіру, суды тиімді пайдалану сияқты бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерін шешу үшін ғылым мен озық технологияларды қолдану қажеттігін алға тартты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде инновацияларды цифрландыру мен енгізудің маңыздылығын атап өтті. Елді IT мемлекетке айналдыруға деген ұмтылыс мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуындағы басым бағыт болып саналады. Электронды үкімет пен финтехтің даму индекстері бойынша әлемдегі көшбасшылық, сондай-ақ, отандық IT қызметтер экспортының айтарлықтай өсуі сияқты табысты жетістіктер атап өтілетін болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын және осы салаға инвестицияларды тартудың маңыздылығына тоқталды. Ол әлемде жасанды интеллектіні дамытуға және қолдануға инвестициялардың едәуір өсуі күтілетінін және осы саланың сәтті дамуы елдің экономикалық өсуіне айтарлықтай ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ, ғылым мен инновацияға негізделген экономиканың дамуына ықпал ететін ғылым және технологиялық саясат туралы заңды әзірлеудің маңыздылығына назар аударды. Ол инновациялық инфрақұрылымды құру бойынша жеке бастамаларды қолдаудың пәрменді шараларының қажеттігін айтты. Экономиканың сапалы өсуі өндірістегі бәсекеге қабілеттілікті, адами капиталды, технологиялық жаңғыртуды арттыруға негізделуге тиістігі ескертілді.
Мемлекет басшысы медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологияларды қамтитын креативті индустрияны дамытудың маңызына айрықша мән берді. Ол қазіргі таңда азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген креативті өндіріс экономиканы дамытуда және жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңіріндегі талантты адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажеттігі туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық даму стратегиясы азаматтарымызға, олардың мүдделері мен қажеттіліктеріне негізделетінін ілтипатпен еске салды. Ол, ең алдымен, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін қатаң жазалау шараларына бағытталған болуы керек. Президент балаларға арналған жол саласының, ғимараттардың, киім-кешек пен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне баса назар аударды. Білімге қол жеткізудегі теңдікті қамтамасыз ету үшін интернет жылдамдығын арттыру және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігі назардан тыс қалған жоқ. Елдің шалғай аудандарында мобильді интернеттің жылдамдығы баяу екені баршаға мәлім. Ұлттық экономиканың кейбір салаларында, әсіресе, техника мен өндіріс саласында мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалады. Бұл ретте Мемлекет басшысының нақты және техникалық ғылымдар үшін жоғары оқу орындарына түсуге гранттарды ұлғайту қажеттігіне айрықша мән беріп келе жатқаны белгілі.
Жолдаудағы ұзақ уақыт бойы зиянды жағдайда жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қолдау туралы шешімі өте әділ әрі дер кезінде қолға алынған шешім деп санаймыз. Осы қызметкерлердің саланы дамытуға қосқан ерекше үлесін және олардың денсаулығына келтірілген зиянды ескере отырып, мұндай адамдарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем беріледі деуі – көпшіліктің көңілінен шықты.
Мемлекет басшысы әр азамат тұрақты экономикалық дамудың жемісін сезінуі үшін ұлттық байлықтың әділ бөлінуін қамтамасыз ету керек дегенді айтып келе жатыр. Мұндай әділдік пен тиянақты тәртіп, жүйелі шешім, жауапкершілік пен ынтымақтастық қағидаттары – мемлекетіміздің тұрақты болашағын қамтамасыз етудің ең басты алғышарты.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру үшін саяси және экономикалық реформалардың маңыздылығына тоқтала келіп, бірінші кезекте қоғамдық сананы өзгертудің өзектілігін жеткізді. Азаматтардың, әсіресе, жастардың бойында патриоттық сезімді, білім алуға деген ұмтылыс пен құштарлықты, еңбекқорлықты, тәртіпті қалыптастырудың артықшылығына үміт артты. Қоғамдық құндылықтардың ортақ жүйесін қалыптастыру үшін жауапкершілікті арттырмай болмайтынын ерекше атады. Осыған байланысты Президент Әділетті Қазақстан тұжырымдамасымен тығыз байланысты Абайдың «толық адам» туралы ілімін де атап өтті. Қазақ топырағында өмір сүріп жатқан әрбір отандасымызды еліміздің мықты әрі табысты болуы үшін туған жерімізді көркейтуге және дамытуға, байлықты қорғауға шақырды.
Сондықтан біз қоғам болып жұмылып, Жолдаудың орындалуына атсалысуымыз қажет. Сонда ғана біз нақты мақсаттарға қол жеткіземіз.
Осы орайда облыста атқарылып жатқан іргелі жұмыстар туралы айту – біздің азаматтық парызымыз.
Қазір Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Облысымызда соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды.
Биыл 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 1430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады.
Бұл игіліктерге облыс орталығындағы көшелердің абаттандыру жұмыстарын атап қосуға болады. Бұрын айдау жол деңгейінде қалған Бейбарыс сұлтан көшесіне бүгінде алты жолақ түсіп, жүргізушілер жайлы, қауіпсіз қозғалысқа көшті.
Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы» банк арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді.
Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 тұрғын үй салынып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үй құрылысы басталды.
Облыс орталығында «Неке сарайының» құрылысы аяқталуға жақын. Жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюмен бірге отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған бұл орын қала көркін де арттыра түспек.
Ал жақын арада құрылысы аяқталатын заманауи үлгідегі «Анаға тағзым» орталығы жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мүмкіндік беретін болады.
Осылайша, халықтың басты сұранысына бағытталған Президент тапсырмаларының орындалуы аймақ басшысы тарапынан тыңғылықты, жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Қылышбай БИСЕНОВ,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі,
академик
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<