Жаңа экономикалық саясат жедел шешімдерді қажет етеді

321

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда қазақ қоғамының рухани даму перспективалары мен тұжырымдамалық бағдарын айқындап, еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуды, халқымыздың бірегейлігін нығайтуды идеологиялық жұмыстың басты басымдықтары ретінде атап көрсетті. Сондай-ақ, білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша нақты жобалар ұсынды.

Ал күні кешегі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы елдегі саяси реформаларды жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажетін айтты.

– Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нақтырақ айтсақ, елдің жаңа экономикалық дамуының үш тұғыры – әділеттілік, инклюзивтілік, прагматизм. Бұл ретте алдағы міндет – отандық өндірушілер мен кадрларды тарту, ішкі туризмді дамыту және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру арқылы еліміздің берік индустриялық негізін қалыптастыру.

Бұл шаралардың барлығы қаржының Қазақстанда қалуына, шикізаттан жоғары технологиялық өнімге дейін тереңдеуге ықпал етеді. Елдегі жұмыс орындарының санын арттырады.

Президент отандық өндірушілерді қорғауға көшу, өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторлары бастапқы 3 жылда салықтық жеңілдіктер алуы керегін айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу реформасы мәселесін көтерді. Сала неғұрлым ашық болуы тиіс. Сонымен қатар, ұтымды және есеп беретін механизм үшін жаңа заң дайындалып, мемлекеттік сатып алудың негізгі мәселесі – сапаға емес төмен бағаға басымдық беру жағдайы жойылуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау керек екенін де жеткізді. Әсіресе ауылшаруашылық техниканың тозуы күрделі мәселе екенін атап өтті. Сыр өңірінің экономикасында аграрлық саланың маңызы зор. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды.

Мемлекет басшысы машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналғанын, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жылына 8-10%-ға жаңарту қажетін айтты. Сонымен бірге, терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенге әсер етіп, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 70%-ға дейін ұлғаюы керек.

– Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде жаңа экономикалық модель жедел шешімдерді қажет ететінін нақты айтты. Жолдауда көрсетілген барлық міндеттер үш жыл ішінде орындалуы тиіс. Қазіргі уақытта ең маңызды міндет – берік индустриялық негізді қалыптастыру. Негізгі екпін өңдеуші секторды үдемелі дамытуға аударылмақ. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды қайта өңдеу және байыту, автомобиль бөлшектері мен тыңайтқыштар өндірісі сияқты салаларға назар аударылады.

Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1,8 миллион адамды қамтиды. Оның 350 мыңы – бюджет саласының қызметкерлері. Халықтың тұрмыс сапасы экономикалық өсімге тікелей қатысты.

Бұл ретте, Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды да атап өтті.

– 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су мәселесі де еліміз үшін аса өзекті. Әсіресе, судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде мәселе көп. Осы орайда суға қатысты мәселелерді толық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Бұл қадам бүкіл тірлігі сумен байланысты Сыр өңіріндегі көптеген күрмеулі мәселелерді шешеді деген ұміт сыйлады. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-логистика. Бұл сала экономиканың күретамырына айналып келеді. Жолдауда теңіз, жол инфрақұрылымын дамыту, көлік әлеуетін арттыру бойынша біраз міндет жүктелді. Ол үшін Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей айналысатын болады.

Бір сөзбен, Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы дамытуда энергетикалық қауіпсіздік, электр энергетикасы, жылу энергетикасы, су, газ секілді басты мәселелерді, еліміздің дамуының қауіпсіздігіндегі қандай құрылымдар құрылуы қажеттігі айтылды. Экономикамыздың драйвері, шағын және орта бизнес, қаржы мәселесі де Жолдауда көрініс тапты.

Бүгінгі әлемдегі күрделі ахуал мемлекеттердің дамуына әсерін тигізуде. Осындай қиын кезеңде Президентіміз халықтың тұрмыс сапасын арттыруға аса мән беріп отыр. Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың нақты әрі тиімді тетіктері анықталды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі механизмдері көрсетілді. Бәріне бірдей түсінікті, ашық, әділетті салық саясатын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы қолға алып отырған саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және баршаға тең мүмкіндік беруге бағытталған, яғни, бұл бастамалар әділеттілік қағидаларының барлық салада жүзеге асуына мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.

Аманжол Оңғарбаев,

облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы

депутаттық фракциясының жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<