Жаңа өзгерістер бастауы

639

0

Қазақстандықтардың алдында енді конституциялық реформаларды жұмыла іске асыру міндеті тұр. Тек сонда ғана Мемлекет басшысы атап өткендей, «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын Жаңа Қазақстанда берік ұстанатын боламыз, бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз.

Елімізде референдум 1995 жылы Конституция қабылданған кезде алғаш рет өткізілген болатын. Конституциялық реформа жекелеген баптарға емес, негізгі Заңның үштен бір бөлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейді. Сондықтан жалпыұлттық референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар өткізу өте орынды. Түзетулер мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасын құруды және билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Сондықтан Президент мемлекет құрылымының жаңа моделін «Екінші республика» деп атады.

Mемлекет басшысы ұсынған Жаңа Қазақстан идеясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар қамтылады. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашады.

Жаңа Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді либерализациялау стратегиясына негізделген.

Аталмыш идеяны іске асыру жолындағы маңызды белес – Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу болып отыр.

«Бұл идея ел азаматтарының жасампаздық қуатынан бастау алады. Мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға әрқайсымыз үлесімізді қосуымыз керек», – деді Президент.

Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болады, атап айтқанда Ата заңның 65%-і өзгеріске ұшырайды. Бүгінде қолданылып жүрген 2,5 мыңнан астам заң мен 51 мың НҚА-ның едәуір бөлігі зерделенуі, тексерілуі және жаңартылуы тиіс. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады.

Мемлекет басшысы біз Қазақстан азаматтары ретінде қатыса алатындай өз ұсынысын білдірді. Ол біз қол жеткізуге тиіс болашақтың бейнесін ұсынды және билік институттары арасында жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру және басқару нысандарын өзгерту міндетін алға қойды. Менің ойымша, бұл өте маңызды және өзекті.

Конституциялық реформа нәтижесінде Қазақстанның саяси құрылымын қоғам өміріндегі өзекті тенденцияларға, сондай-ақ азаматтардың сауал жолдауымен және экономикадағы жаңа үрдістермен үйлестіру іске асырылатын болады.

«Тұтастай мемлекеттік аппарат пен оның жұмысының қағидалары қайта түзетуге жатады. Конституциялық түзетулер енгізілгеннен кейін мемлекет еститін және тыңдайтын, сондай-ақ азаматтарға үнемі жауап беретін болады.

Жалпы, 5 маусымдағы референдум – бұл Қазақстанның құқықтық өрісін өзектендіру, оған ревизия жүргізу жөніндегі бұдан туындайтын барлық ауқымды ұзақ жұмыстың басы.

Алдағы референдумның табысты болуы көбінесе азаматтардың өздерінің белсенділігіне байланысты болады. Сондықтан, барлық азаматтарды жаңа өзгеріске дауыс беруге шақырамын!

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,  

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<