Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жария етті. Бұған дейінгі Президент Жолдауларында негізінен саяси реформаларға басымдық берілсе, бұл жолғы тарихи құжат елімізде орын алған саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге ұласуына бастау болмақ.
Жалпы, Жолдау тың саяси реформаларды қамтиды. Мемлекет басшысының елді елең еткізер тың бастамаларының бірі Президент сайлауын күзде өткізіп, мандат ұзақтығын 7 жылға созу болғаны сөзсіз.
«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және қайта сайлануға тыйым салуды ұсынды. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасы сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынылатын болады. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады.
Ал, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізу ұсынылып отыр. Сайлау барысында көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталады. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырады. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін.
Әрине, әділетті әрі Жаңа Қазақстанды құрып, болашаққа бетбұрыс жолында халықтың сенім үдесінен шыға білу аса маңызды. Міне, осылайша Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадамдар жасалуда. Қарапайым халықтың жанын жегідей жеген мәселелердің тетігін дәл тауып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін тағы да айшықтай түскендей.
Ғалым БАЙМЫРЗАЕВ,
облыстық сайлау комиссиясының төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<