Жаңару жолындағы қадам

423

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында негізінен халықтың  әлеуметтік жағдайын арттыруға баса назар аударылып отыр.

Жолдаудағы тұздықты тұс алдағы Президент сайлауы болғаны рас. Негізі Қ.Тоқаевтың Президенттік өкілеттілігі 2024 жылдың жазында аяқталуы тиіс еді. Мемлекет басшысы мұндай маңызды да жауапты қадам халықтың жаңа сенім мандатына ие болуы үшін керек екенін нықтап айтты. Айтпақшы, бұдан былай Президент 7 жылға және тек 1 мерзімге сайланады.

Ел әлеуетін арқалаған құжатта біраз маңызды тұстар айтылды. Мәселен, талай азаматты соттың да, Әдеп кеңесінің де талқысына салған мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасақталмақ. Әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, «Қала құрылысының» кодексі қабылданбақ.

Жолдауда жолдардың сапасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласының тиімсіз тұстары айтылды. Сонымен қатар енді жемқорлардан кәмпескеленген қаржы мектептер салуға бағытталмақ.

Бір қолмен бесікті тербетіп, екінші қолмен тірлікті түгендеп отырған жас аналардың декреттік төлемі бала 1,5 жасқа толғанша төленбек. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-тен 61 жасқа шегерілді. Келер жылы 100 мың жасты жұмыспен қамту міндеті тұр. Тағы бір жағымды жаңалық 18 жасқа дейінгі балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан ақша түсіп отырады. Ол қаржы 18 жасқа толғанша алынбайды. Тиісті жасқа жеткенде баспана алуға, оқу ақысына бағытталмақ. Одан басқа еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру 1,8 миллион азаматтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететіні анық.

Қаңтар оқиғасына қатысқандарға ішінара рақымшылық жасалады. Мемлекеттік басқару жүйесі трансформацияланады. Келер жылы Мәжіліс және мәслихат депуттарының сайлауы басталады. Мемлекет басшының айтуынша, үкіметке айтылар сын баршылық. «Жаңа Қазақстанның жаңа дәуірі енді басталғалы тұр. Осы жолда ұлт болып ұйысуымыз қажет» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ең бастысы, Жолдауда айтылғандай, халықтың әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында қала бермек. Айтылған жайттардың түп мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Бұл қазіргі кезеңде болашаққа деген сенімді ұлғайтады.

Сонымен бірге, Бюджет саясатына реформа жасалатын болады. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіліп, оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет екені атап өтілді.

Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру қажеттігіне тоқталды. Салық төлеушілердің төлемнен қашпайтындай арнайы салық режимдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажеттігін айтты. Бұл бастамалар жұмысты жүйелеуге жол ашады.

Ә.ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыс бойынша қазынашылық

департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<