Жаңашылдық өрісті кеңейтеді

501

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қоғамда маңызды рөл атқарады және ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде әрекет жасайды.

Осы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауда саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың өзекті бағыттары айқындалды. Әрбір бағыттағы мақсат-міндеттер келешегіміз үшін жұмыс істеуге жұмылдырады, еліміздің даму траекториясын нығайта түседі.

Жолдауда экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету ең өзекті міндет екендігі айтылды. Расында да, білімді және білікті жұмыс күші экономикалық өсу мен дамудың негізі. Салалар дамып, әлемдік экономикада технологиялық прогресс өзгерген сайын жоғары білікті мамандарға сұраныс артып, білім беру мен оқыту жүйесін еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестендіру қажеттігі туындайды. Шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнының жұмыс жүргізе бастауы білім беру жүйесінің сапасы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі еліміздің стратегиялық бастамасы деп ойлаймын.

Бұл қадам бірнеше маңызды артықшылықтар әкеледі: біріншіден, белгілі шетелдік университеттер елдегі академиялық стандарттарды арттыруға үлес қосады. Озық оқу бағдарламалары, оқытудың инновациялық әдістері, жаңғырған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жергілікті университеттердегі білім сапасын арттыруға көмектеседі. Екіншіден, Қазақстан студенттері енді елден шықпай-ақ халықаралық стандарттарға сай білім алуға мүмкіндік алды. Жаһандық білім мен озық тәжірибеге қол жеткізу түлектерді әлемдік еңбек нарығының талаптарына жақсырақ дайындай алады. Үшіншіден, шетелдік университеттер жергілікті инновациялық экожүйелерді дамытуға ықпал ете алатын күшті зерттеу бағдарламаларына ие. Бірлескен зерттеу бастамалары экономикалық өсімді ынталандырып, жаңа технологиялық жетістіктерге әкелуі ықтимал. Төртіншіден, халықаралық университеттердің болуы мәдени алмасу мен әралуандылықты арттыратын орта құруға ықпал жасайды. Мұндай ықпал студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіреді және жаһанданған әлемде жұмыс істеуге дайындайды. Бесіншіден, жоғары білім беруді ықпалдастырудың экономикалық оң әсері бар. Бұл процесс Қазақстанға жергілікті экономикаға үлес қосатын шетелдік студенттерді тарта алады. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ірі компаниялар елде білімді және жаһандық көзқарастағы білікті кадрлар бар екенін көріп, инвестициялауға ынталануы мүмкін.

Білім, оқыту және үздіксіз кәсіби дамуға инвестиция құю ілгерілеуге негіз болатыны сөзсіз. Осы мақсатқа басымдық беру арқылы еліміз адами капиталды жақсарта алады, біліктілік тапшылығын азайтып, икемді және серпінді экономика құра алады.

Мұрат НАСИМОВ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университеті философия

және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер секциясының

қауымдастырылған профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<