Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауында бүгінгі әлемдік саясат талабына сай жасанды интеллект бағытын кеңінен дамытуды және Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек екенін атап айтты.
«Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Президент.
Жолдауда көтеріліп отырған Жасанды интеллект бағыты бойынша біздің өңірде өте ауқымды жоба жүзеге асырылып отыр. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылыми және технологиялар университетімен арадағы келісімге сәйкес Қорқыт ата Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылған.
Биылғы оқу жылында аталған институтқа 140 грант бөлініп, студенттер қабылданды. Сеултех университетімен бірлесе жүргізілетін қос дипломды бағдарлама негізінде білім алған мамандар Президент Жолдауында айтылған экономиканың барлық салаларында жасанды интеллект технологияларын өндіріске енгізуге қабілетті мамандар болады.
Мемлекет басшысы қазір жасанды интеллектінің қарқынды дамуы халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқына әсер етіп жатқанын, алайда еліміз бұл өзгеріске дайын болып, жаһандық бетбұрыстан қалыс қалмау қажеттігін атап өтті. Бұл орайда Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек екенін Үкіметке, жауапты министрлікке тапсырды.
Президент Жолдауында айтылған мәселелер бүгінгі уақыттың нақты талабы. Осы орайда цифрландыру негізінде экономикаға серпіліс беретін мамандарды даярлауда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті сүбелі үлес қосады деп сенемін.
Мұрат АЙТИМОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Информатика және ақпараттық- коммуникациялық технологиялар БББ-сының аға оқытушысы,
философия докторы (PhD)





