Жастар несиеге неге құмар?

235

0

Фото: ашық дереккөз

Кейінгі жылдары құмарлық, тәуелділік секілді қоғам дертімен ауыратындар саны артып келеді. Бұл қатарда қарыз алуға, қарызға тәуелділік бар екені жасырын емес.

Жастардың осал тұсы да осы. Қит етсе болды несие алуға бейім тұрады. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болып, қаржы мәселесі бүйірден қысқанда несие алуға деген қажеттілік пайда болады. Дей тұрғанмен «алмақтың да салмағы бар» деп әр нәрсенің белгілі бір реті мен шегі болатынын ескерген абзал.

Күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу әлемдік тенденцияға айналып кеткеніне де біршама уақыт болды. Осы тұрғыдан алғанда несие берме немесе несие алма деп айта алмаймыз. Қаржылық сауатты болмаса да, кез келген адам қарыз алатын кезде қашан, қанша төлеу керек екенін біледі. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» деп тегін айтпаған. Бүгінде халық арасында несие алып, немесе кешіктіруге болады деген түсініктің күн өткен сайын күшеюі отқа май құйғандай болып отыр. Бұл пікірді экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменов те растайды. «Тамақты қарызға ішеді, азық-түлікті де қарызға алады. Халық кедейленіп барады. Әлеуметтік желілерде көшеге шығып, «халықтың несиесін кешірсін» деп ұрандатып жүргендердің видеолары желдей есіп жүр. Оны көргендер түбінде кешіретін шығар деп, төлей алмайтынына қарамай тағы да не­сие алады», – дейді А.Шаменов.

 Бір қолымен қарыз беріп, екінші қолымен оны еселеп қайтарып жатқан банктер талапқа сай жұмыс істесе, төлей алмаса да, несие алатындардың саны төмендер еді. Қысқасы, халықтың әл-ауқатын, жалақысын арттыру, «балық бермей, қармақ беріп» жұмыспен қамтамасыз ету – жаңа Қазақстанның алдында кейінге қалдыруды күттірмейтін мәселе.

Диана ЕРГЕШБАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<