Жатыр мойны обырының алдын алу маңызды

302

0

Фото: автордан

Жатыр мойнының обыры – әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық дерттің бірі. Жатырдың төменгі бөлігінде жатыр мен қынапты біріктіріп тұратын мойын, яғни босану жолы бар. Жатыр мойнының обыры 16, 18, 31, 33, 35 немесе 39 түрге жататын адам папилломасының вирусынан туындаған цервикалды интраэпителиалды неоплазияя (CIN) нәтижесі болып саналады. Көбіне ауруға 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Алайда онкологтар соңғы уақытта бұл аурудың жас әйелдерден де анықталып жатқанын айтуда.

Қазақстанда онкопатология құрылымында әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын «жатыр мойны обыры» диагнозы елімізде 1800 әйелге қойылады, жыл сайын 600 науқас осы аурудан қайтыс болады. Жатыр мойны обырының ең жоғары деңгейі 40-44 жаста.

Жатыр мойны обырының алдын алуға болады, дегенмен бүкіл әлемде жатыр мойны обыры жыл сайын шамамен 600 000 әйелге диагноз қойылады және жыл сайын шамамен 340 000 әйел аурудан қайтыс болады.

Обыр алдында қатерлі емес және обыралды процестер болады. Қарапайым эктопия, эндоцервикоз, лейкоплакия, эндометриоз, жатыр мойнының тыртықты дефформациясы қатерлі емес процестерге, түрлі деңгейдегі жатыр мойнының дисплазиясы обыралды процеске жатқызылады.  Менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі. Сонымен қатар иісі жағымсыз ақшыл бөлініс, іштің төменгі жағының аурулары, салмақ жоғалту, шаршаңқылық және кейде зәрде қан пайда болуы да осы ауру белгілеріне жатады. Осы орайда дәрігер маман ретінде айтарым, егер қан кету, зәр шығару кезіндегі ауырсыну, менопаузадан кейін қан кету, төсек қатынасы кезіндегі ауырсыну немесе қан кету, кіші жамбастағы ауырсыну белгілері, вагиналды жайсыздық  болса дереу гинекологқа қаралау қажет.

Қатерлі ісіктің  басқа түрлері секілді жатыр мойны обырының да төрт даму кезеңі бар. Бірінші саты – ісік жатыр мойнында орналасқан, бірақ жатырға немесе жақын орналасқан лимфалық түйіндерге қарай таралуы мүмкін. Екінші саты – обыр жатыр мойнынан тыс аумаққа, қынаптың жоғарғы жағына қарай өседі. Үшінші  – ісік төменгі қынап, жамбас қабырғаларын зақымдап, зәр шығару жолдарын бұғаттауы мүмкін. Төртінші саты – обыр тік ішекке немесе қуыққа және алыс орналасқан органдарға жетеді.

Жатыр мойнының обырын емдеу әдісі науқастың жағдайы және аурудың сатысын есепке ала отырып белгіленеді. Негізінен жатыр мойнының обырына шалдыққандар хирургиялық, сәулелік терапия, химиотерапия сынды әдістермен емделеді.  Алайда халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтпаса керек.  Жатыр мойны обыры әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болғанымен, ол адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинациялау арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі. HPV вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция, Австралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакцинация көрші елдерде – Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Ал біздің елімізде вакциналау енді қолға алынуда.  11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папилломавирусы вирусына (АПВ) қарсы тегін вакциналау науқаны басталды. 

Ақнұр АХМЕТОВА,

 «Sultan-med» медицина орталығының акушер-гинекологы,

 жоғары санатты дәрігер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<