Саяси жаңғыруға бағытталған бұл Жолдауды елдің асыға күткені жасырын емес. Президент Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қаңтар оқиғасының жай-жапсарына терең тоқталып, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.
Президенттің бастамасымен бұған дейін де қоғамды демократияландырудың 4 топтамасы жүзеге асырылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын нақтылап берген болатын. Екі жарым жылдың ішінде оннан астам жаңа заң қабылданды.
Жолдауда Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасы ұсынылып, бұқараның сұранысы мен қажеттілігін қамтамасыз ететін құжат қабылданды. Елдің ерекше назарын аударған Жолдау суперпрезиденттік басқару формасынан Президенттік және қуатты парламенттік басқаруға көшу қажеттілігін хабарлаумен өрбіді. Президент толыққанды зерттеліп, зерделеніп ұсынған бұл жүйені басқарудың тиімді балансын қамтамасыз ететінін жеткізді. Осылайша, күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қалыптастырылмақ.
Заманның өзгеруі мен қоғамның ауысуы талап ететін тұста Президенттің бірқатар өкілеттігін шектеуге мүмкіндік беріліп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы «AMANAT» партиясының төрағалығы мен мүшелігінен кететінін ортаға салып, оны заңмен белгілеу қажеттігін жеткізді. Бұл шешім өз кезегінде барлық партиялардың өзара бәсекелесуіне септігін тигізетіні рас. Сонымен қатар, Есеп комитетінің, Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелері саяси партиялардың мүшелігінен шеттетілетінін де жариялады. Бұған қоса, әкімдер мен олардың орынбасарларын саяси партиялардың филиалдарын басқарудан босату заңнамамен бекітілетінін атап өтті. Бұл қоғам тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе екенін де айта кету керек.
Сөзден іске көшуді көздеген Жолдау Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерде және квазимемлекеттік секторларда басшылық орындарда болуын шектейтінін көрсетті. Бұл бастама Конституциямызға енгізілетін 30-ға жуық өзгерістің бірі болмақ.
Өкілді билік тармағын қайта құруда Президент өкілеттігін кезең-кезеңмен қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыру көзделеді. Депутаттардың жауапкершілік жүгін еселейтін бұл бастама қоғамның қолдауына ие болады деп ойлаймын.
Бұған дейін Президент Сенаттың 15 депутатын тағайындауға құқылы болса, бұл сан 10-ға қысқартылмақ. Оның 5-уі Ассамблеядан ұсынылатын болады. Осылайша, Ассамблеяның Мәжілістегі өкілдері жойылады. Бұл қажет те тиімді бастама болмақ.
Президент Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды, оның төрағасы Мәжіліске жылына екі рет есеп беруін ұсынды. Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету бағытында мәслихат төрағасы лауазымын енгізу қажеттігін алға тартты. Мәслихаттардың ықпалын күшейтуді ұсынған Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәсіліне өзгерістер керектігін де атап өтті. Алдағы уақытта облыс әкімі лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынылатын болады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауының сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту тармақтарында Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің еңсесін көтерумен қатар рухына да дем берді. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру деп аталатын тарауда көптің көкейіндегі сауалдар мен өтініштер шешімін тапты. Орталығы Семей қаласы болатын Абай облысының құрылуы Тәуелсіздік жылдарындағы шығысқазақстандықтардың аңсаған арманына айналған еді.
Сонымен қатар, экономикалық және рухани шешім ретінде орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын құруды жариялаған Президент сан мыңдаған халықтың ойын дөп басты.
Бұған қоса, Алматы облысын екіге бөлу жолымен Алматы және Жетісу облыстарының тұсауы кесілетінін жеткізді. Бұл шешімдер қоғамның талабы мен өтінішінен туған.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылайша жүзеге асырылып, жалпыұлттық бірліктің арқасында жаңарған Қазақстан құрылатынын терең түсінуіміз қажет.
Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,
облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық
фракциясының мүшесі,
білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<