Еліміз Тәуелсіздігінің қауіпсіздігін, оның тұғырын мықтау керектігін ойлаған әрқайсысымыз үшін бүгінгі уақыттың ерекшелігін түсіну өте маңызды. Еліміздегі жүгенсіз кеткен сыбайлас жемқорлықтың салдарынан бюджет қаржысының талан-таражға түскені, оның мақсатсыз жұмсалып келгенін, экономиканы дамытудағы әлжуаздық пен әлеуметтік мәселелерді шешудегі әділетсіздіктердің орнығып алғаны «Қаңтар қасіретінен» кейінгі күндерде ашық айтылып жатыр. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішіндегі қордаланған осындай өзекті мәселелердің салдарынан болған қоғамның осы жоғары балды сілкінісі мемлекетке де, халқымызға да аса ауыр тиді және ауыр сабақ та болды. Қаңтар қасіретінен кейін экономика, адамдар жұмыс істеп, күнделікті нәпақасын тауып отырған шағын және орта бизнес, әлеуметтік сала қатты зардаптан жаралы жолбарыстай күй кешіп отырғаны көз алдымызда өтіп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз экономикасы мен әлеуметтік саласындағы шұғыл шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер ашық айтылды. Болған іске бірігіп, жайлы өмір орнату үшін қоғамдағы шиқандай сыздатқан келеңсіздіктерді зерделеп-зерттемесе, тамырын қимаса болмайды. Отырыста Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан мәселелерден осыны ұққандай болдық. Азуын айға білейтін дамыған елдердің қай-қайсысының да берекесін шағын және орта бизнес кіргізеді. Біздің елде де бизнестің 90 процентін шағын компаниялар құрайды екен. Қаңтар айындағы бүлікшілер салған ойран кезінде елдегі енді дамып келе жатқан осы сала 100 миллиард теңгеден астам шығын шекті.Келген шығынның орны толар, қиратылған ғимараттары жөнделер. Бірақ жемқорлық матап тастаған шағын және орта бизнестің бұрыннан да адымы ашылып кеткен жоқ еді. Адамдар құжаттарын дұрыстап, тиісті жерін, қажеттерін алуы үшін талай күн сергелдеңге түседі және оған бюджетке емес, көрінгеннің қалтасына кететін шығынын шығармай ісін аша алмайтын. Мұның түп-тамырын Президент айтты: «Әңгіме комиссиялар, монополист операторлардың, түрлі делдалдың, қажетсіз агенттердің тарифтері туралы болып отыр. Енді бұл қызметтерді кім төлейді? Әрине, тұтынушы төлейді. Бұл жағдайлар қабылданған заңдар мен қаулылардың кесірінен болып отыр. Бұл жерде мемлекеттік органдар қоғам мүддесін емес, жекелеген компаниялардың мүддесін басшылыққа алатындай құқықтық актілер жатыр. Қазақстандықтардың өзіне жұмсай алатын қаражаты осы компаниялардың қалтасына түседі» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазір ауқатты адамдар мен бала-шағасына күнделікті азығын зорға тауып жүрген жоқ-жұқана жандардың әлеуметтік жіктелуі қарқын алған. Мұны Абай атамыз айтқан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидадан бөлек көрініс десек болар. Адамдар еңбегінің бағаланбауы, әділетсіздік, еңбек түріне қарай жалақысының дұрыс төленбеуі оларды кедейшілікке, одан қалды қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке әкеліп отыр. Президенттің: «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр» деген сөзі әрі ащы шындық, әрі қазақстандықтардың алдағы күнге сенімін ұялатты.
Экономиканың әлі де шикізат өндіруге тәуелділігін айтқанда, алдымен ауыл шаруашылығы еске түседі. Бабалар құрығы бүгінгі ұрпаққа жат болып бара жатқандай. Бір кезде «Ресейге жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз» деген сөз айтылды да қалды. Президенттің соңғы 5 жылда ғана ауыл шаруашылығына 2 триллион теңгеден аса қаражат бөлінгені туралы айтқаны жаныңды ауыртпай қоймайды. Шырмап алған жемқорлық онсыз да түрлі дағдарысты бастан кешкен саланы тұралатар түрі бар. «Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде.
Экспорт тек ауыл шаруашылығында ғана емес, экономиканың басқа салаларында да мандыған жоқ. Өндірісте де, экономиканың өз салаларында да жегі құрттай жемқорлық еңсе көтертпей отырғаны бүгін белгілі жайға айналды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің инвестиция әкелуге тиімсіз болған еркін экономикалық аймақтар, Алматы базарындағы, кеден бекеттеріндегі былықтардың бетін ашу керектігі туралы сөздері келешек ел дамуына кепіл сияқты естілді.
Ендігі міндет Президент айтқан қадау-қадау мәселелердің жүзеге асуына әр қазақстандық атсалысуы қажет. Аталарымыз «Тозған қудан топтасқан қарға да озар» деген ғой. Мемлекетке, ұлтқа деген адалдық, елдік сезімдер әр қазақтың жүрегін жауласа, алынбайтын асу, жеңбейтін сынақ жоқ. Осынша жерді бізге аманаттаған аталарымыз бұдан да ауыр күндерді бастан өткерген. Олар ұрпақ қамын ойлаған еді. Сондықтан да рухы мықты болды. Биік рух адалдықты сүйеді.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<