Жігер және жетістік

497

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде айтылды. Оның ішінде Сыр өңірінде жүзеге асқан маңызды жобаларға назар аударып, аймақ дамуына оң бағасын берді.

Аталған жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өміршең өзгерістерге тоқталды.

Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығы бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ Сыр бойы мен Сарыарқаның арасын жалғайтын «Қызылорда-Жезқазған» жолының облыс аумағындағы 216 шақырымының былтыр 151 шақырымы пайдалануға берілді. Оған қоса биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының Қызылорда қаласы мен Ақтөбе облысына дейінгі 566 шақырымы бірінші санатқа жолға ауыстыру бағытында жұмыстар басталады. Облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су беру мәселесі биыл толықтай шешілмек.

Айта кететін нәрсе, қызылордалық диқандар кейінгі жылдары су тапшылығын көріп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұл аймақтағы су мәселесінің оңынан шешілуіне өз ықпалын тигізді. Осы сала маманы ретінде ендігі кезекте су үнемдеу технологиясына маңыз беру қажет деп санаймын. Өйткені, аталған түйткілді мәселе Сырдария бойында орналасқан барлық мемлекеттің өзекті тақырыбына айналды. Оған жиналатын су мөлшері де жылдан-жылға азайып келеді. Ал Сыр өңірінде өсірілетін басты дақыл – күріш суды өте көп қажет етеді. Ендеше, біз суды үнемдеуге көңіл бөлу қажет екенін түсініп отырмыз. Облыс әкімі атап өткендей, су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану арқылы былтыр ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынған. Сол арқылы жарты миллион тоннаға жуық күріш өндірілді.

Облыс әкімі айтқандай, Мемлекет басшысының қолдауымен мемлекетаралық келісімдер нәтижесінде кейінгі екі жылда Арал теңізіндегі су көлемі 4 млрд текше метрге жуық көбейген. Бұл балық шаруашылығының дамуына, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізуде.

Жорабек НҰРЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихат депутаты