Жолдау болашақты айқындайды

949

0

Мемлекет басшысының Жолдауы – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тағы бір үлкен қадам. Президент Жолдауда қазақстандықтардың ең өзекті сауалдарына нақты жауаптар берді. Бұл – басталған саяси қайта құрулардың жалғасы. Алғаш рет алдағы сайлау науқандарының кестесі жария етілді. Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттігін қысқартып, бір мерзім 7 жыл деп белгілеу туралы бастама көтерді. Мұның бәрі реформалар курсының жүйелілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін қабылдануы керек нақты шараларды атап көрсетті. Білім мен денсаулық сақтауды дамытуға, жастар мен ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен қаражат бөлу, барлық әлеуметтік төлемдерді индекстеу, зейнетақыларды қайта қарау, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын қолға алу, осының бәрі – қазіргі қиындықтарға қарамастан, мемлекеттік әлеуметтік саясатты күшейтудегі өміршең бастамалар.

100 мың жасты жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіру, студенттік жатақхана мәселесін шешудің нақты шаралары жарияланған Жолдау болашақ ұрпақ мәселесінің Президент назарында екенін көрсетеді.

Жолдауда ұсынған реформалардың барлығы – жаңа жағдайда еліміздің дамуына тың серпін беретін озық әрі дер кезінде қолға алынған шаралар. Жолдау еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында су ресурстарының тапшылығы, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және басқа да халықты толғандыратын өзекті мәселелердің барлығын қамтыды.

Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де біржақты болуы тиіс.

Президент Жолдауы шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша іс-шаралар жоспары жасалатыны да заңды. Мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретінде ерекше ықыласпен қабылдаған Жолдауды мұқият тыңдап, ой елегінен өткіздім.

Расында да, Жолдаудың әр сөзі халыққа керекті мәселелерді қамтиды. Еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз, еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің алға қойған мақсаттары орындалады деп сенемін. Бүгінгі таңда біздің жұмысымызда қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың сұранысына жедел жауап беру басым бағыт болуы керек. Осының арқасында біз жоспарлағанның бәрін жүзеге асыра аламыз.

Әріп ХОЖБАНОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<